Саясаттанушы алдағы сайлауға қатысатын партиялар жөнінде пікір білдірді

Саясат
view 473
news

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Мәжіліс депутаттарын сайлау науқанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды janabastau.kz "Қазинформ" ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Алдағы сайлауға қатысты қазір қандай да бір болжам айту қиын. Бұрынғы брендпен және бұрынғы басшылықпен сайлауға тек «Ақ жол» партиясы ғана барады. Ал, AMANAT партиясы осыған дейінгі сайлауда «Нұр Отан» деп аталғаны белгілі. Оның атауы, басшылығы, активі өзгерді. «Қазақстан халық партиясы» да басшылығын ауыстырды, сондай-ақ ондағы кикілжің партияның беделіне нұқсан келтірді деп санаймын. Сонымен қатар, сайлау қарсаңында құрылған екі жаңа партия пайда болды. Дәл қазір олардың сайлау алдындағы стратегиясы қандай болатынын, қандай активке ие болатынын бағалау қиындау», - деді Д. Әшімбаев.

Оның пікірінше, тәжірибесі мен ресурстық базасын ескерсек, AMANAT партиясы жеңіске жетуі мүмкін. Партияның ілгерілеуіне көптеп жұмылдырылған белсенділер, Мәжілісте жұмыс істеген фракция, сондай-ақ көпшілікке танымал басшылығы өз әсерін тигізеді.

«Екінші орынға «Ақ жол» партиясы шығады деп ойлаймын. Өйткені, олардың бағыты белгілі және ел арасында танымал болып тұр. «Қазақстан халық партиясына» қатысты нақты айту қиындау. Партиялық тізімі де айтарлықтай оптимизммен қарайтын деңгейде емес. Бұған дейін Парламент депутаттарын сайлауда «Ауыл» партиясында елеулі жетістік болмаған еді. Ал, партия атынан ұсынылған жаңа тізімді осыған дейін президенттік сайлау науқанындағы екі экс-кандидаттар – Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден бастап отыр. Олар былтыр күздегі сайлау кезінде сайлаушылар арасында біраз танылған адамдар. Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы өзінің көрсеткіштерін жақсарта алады, бірақ қаншалықты ілгерілейтінін айту қиын», - деді саясаттанушы.

Оның сөзіне қарағанда, жаңадан құрылған Respublica және BAYTAQ партиялары кандидаттарының тізімдерінде танымал адамдар болғанымен, айтарлықтай әсер қалдырмай тұр. Сонымен, саясаттанушы сайлауда алдыңғы қатардан көрінетін партияларды тізіп берді. Олардың арасында AMANAT, «Ақ жол», «Ауыл», «Қазақстан халық партиясы» және «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» бар. Еске салсақ, Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызда өтеді. Орталық сайлау комиссиясына 4 саяси партия, сондай-ақ Respublica, Amanat, және «Ауыл» партиялары Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауына қатысты құжаттарды ұсынды. Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаудың күнтізбелік жоспарын бекіткен болатын.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *