Сенат төрағасы Түркияның Қазақстандағы елшісімен кездесті

Жаңалықтар
view 107
news

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджумен кездесті, деп хабарлайды janabastau.kz. Жиын барысында Мәулен Әшімбаев Мұстафа Қапуджуны былтыр Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толуымен құттықтады. Қазақстанның Түркиямен ынтымақтастығы тереңнен тамыр тартатынын, екі елдің мәдени-тарихи құндылықтары ортақ екенін айтты.

Біз Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысымен ынтымақтастықты дамытуға және заңнамалық бағытта тәжірибе алмасуға мүдделіміз. Екі елдің Парламенттерінде жұмыс істейтін «Қазақстан-Түркия» парламентаралық достық топтарының әлеуетін одан әрі дамытудың маңызы зор. Түркітілдес елдердің мәдени, экономикалық және гуманитарлық саладағы байланысын нығайтуға Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы да үлкен үлес қосып отыр. Сенат депутаттары ТүркПА комиссияларының жұмысына және оның шеңберінде өтетін басқа да іс-шараларға белсенді қатысып келеді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу кезінде Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитінде айтылған бауырлас халықтардың ынтымақтастығын арттыруды көздейтін басымдықтар туралы да сөз болды.

Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, біздің елдің Ұйымға төрағалығы «TURKTIME!» ұранымен өтеді. Бұл тұжырымдамада бірінші кезектегі басымдықтар белгіленген. Өзара сенім мен тарихи тамырға табан тіреген бірлігімізді сақтау және нығайту – біздің ортақ мақсатымыз. Астана саммиті елдеріміз арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізді деп есептейміз, – деген Мәулен Әшімбаев Қазақстан Парламентінің Сенаты екі елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайту жолындағы тиісті жұмысты жалғастыра беретінін атап өтті.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда іске асырылып жатқан әлеуметтік-саяси және экономикалық реформалар барысына және Палатаның заң шығару қызметіне тоқталды. Өз кезегінде Мұстафа Капуджу Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, түркі халықтары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі арттырудың маңызды екеніне назар аударды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *