СҚО-дағы Сәбит Мұқановтың ауылы құрып кетудің аз-ақ алдында тұр
Фото: Дамир Ескендіров
Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-ақын Сәбит Мұқановтың есімі берілген Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Бұрын тыныс-тіршілігі қайнап жататын елді мекенде қазір бес-ақ үй қалған. Бұл туралы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап janabastau.kz хабарлайды.
СҚО Жамбыл ауданы Сәбит ауылы Петропавлдан 200 шақырымдай жерде орналасқан. 2009 жылғы санақ кезінде мұнда 155 тұрғын болса, қазір небары бес-ақ үй қалған. Оның өзі көшкелі отыр.
«Ауылымыз жақсы, таза, бірақ соңғы уақытта жұрт жаппай көшіп жатыр. 60-қа тарта үй бар еді, соның 4-5-еуі ғана қалайын деп тұр. Мектеп жабылды, енді біз де қозғалайын деп жатырмыз. Жеріміз құнарлы, суымыз бар. Сәбит атамыздың ауылы ғой, құрып бара жатқанына жүрегім ауырады, қимаймыз», - дейді ауыл тұрғыны Елубай Мусин.
Бұл ауылдың қазығын өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Сәбит Мұқанов қаққан. Қазір оның көзі болып жазушы мен оның інісі Шәкен Мұстафин көтерген үй тұр.
«Сәбит Мұқановтың туған жері Тимирязев ауданының аумағында орналасқан Жаманшұбар ауылы, қазіргі Докучаево елді мекені. Бұл жерге ол туған-туыстарын көшіріп әкелген. 1958 жылы Сәбит Мұқанов және інісі Шәкен Мұстафин осы ағаш үйді өздері көтеріп салған. Кейін інісі осында 1985 жылға дейін тұрды. 1990 жылдары осы үй музей болып ашылды. Бес бөлмеден тұрады, алдында жазушының мүсіні тұр. Ауладағы қайыңды Сәбит өзі отырған. Аумағында ет сүрлейтін шошала бар, оны да жазушы өзі тұрғызған», - дейді С.Мұқанов атындағы әдеби-мемориалдық музей-үйінің директоры Әлия Сәрсекова.
Құнды жәдігерлердің көбі Алматыдан әкелінген. Қазір 700-ден астам жәдігер сақталған. Мекеме директорының айтуынша, заттардың барлығы – жазушы қолданған дүние. Саптама етігі, өзі ұстаған домбырасы, құран кітабы, жайнамазы сақталған.
«Алматыда тұрып, туындыларын жазғанымен, Сәбит Мұқанов жан-тәнімен осында болды. 1960 жылы туған күнін осы ауылда атап өтті.
Қонақ бөлмесінің төріне шығып, Сәбең келді деп үлкен дастархан жайылатын. Оған ауылдың үлкен-кішісі барлығы жиналып, сыймағаны табалдырықта тұрып, жазушының әңгімесін тыңдайтын. Әрине құрметті қонақ келгендіктен ет асылады. Осындайда жазушы кішкентай балаларды бір-бірден шақырып, өз қолымен ет асатып, батасын беретін», - дейді Әлия Сәрсекова.
Қазір музейге әдейілеп келетін адамдар бар. Музей директорының айтуынша, бірер күн бұрын қонақтар Ресейден келіп кетті, олар бұған дейін де болған екен, «жол бар кезде келіп, атамыздың рухына тағзым етіп кетейік» деп шешіпті.
Ақерке Дәуренбекқызы
Пікірлер (0)