«Статистика – іш пыстыртатын сан емес, елдегі өзгерістің көрінісі»: Өркен Кенжебек
Сурет: әлеуметтік желіден
Жыл басынан бері Қазақстан экономикасында тұрақты өсім байқалып отыр. Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі ретінде өнеркәсіптен бастап көлік пен тұрғын үй құрылысына дейінгі салаларда қарқын артып келеді. Бұл туралы танымал блогер Өркен Кенжебек өз парақшасында пікір білдіріп, мұндай көрсеткіштердің артында нақты жетістіктер тұрғанын атап өтті, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Блогер макроэкономикалық көрсеткіштерге немқұрайлы қарамау керек екенін айтып, олардың артында өңірлердегі шынайы өмір мен дамудың тұрғанын ескертеді.

Мұндай статистика көрсек, іш пыстыратын сан деп емес, өзгеріс деп қабылдаған жөн екенін айтты.
Өнеркәсіп өндірісі 6,4 пайызға артты.
Бұл салада Жамбыл облысы (+22,9%) мен Шымкент (+18,9%) көш бастап тұр. Ел бойынша зауыттар жұмысы жанданып, цемент пен қант өндірісінің көлемі айтарлықтай артқан.
«Зауыттардың жұмысы жүріп жатыр, өндіріс көлемі артқан. Мұның бәрі дамып жатқанымыздың көрсеткіші емес пе?» — дейді блогер.
Құрылыс саласында өсім 15,4 пайызды құрады.
Бірнеше өңірде мектептер, ауруханалар мен жолдар салынуда. Қызылордада құрылыс көлемі 65 пайызға, Астанада — 51,8 пайызға артты.
«Бірден бірнеше аймақта құрылыс қарқын алды. Бұл – ел ішіндегі тіршіліктің қызғанын көрсетеді», — деп жазады Өркен Кенжебек.
Тұрғын үй құрылысы да қарқын алған.
Жыл басынан бері 6 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент белсенділік танытты.
«Қоныстой тойланып жатыр. Бұл – халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін көрсеткіш», — деп атап өтті блогер.
Көлік және логистика саласындағы өсім — 23,1 пайыз.
Бұл жүк тасымалы мен логистикалық инфрақұрылымның жақсарғанын білдіреді. Жетісу мен Абай облыстарының көрсеткіштері жоғары.
«Бұл – тек көлік емес, экономиканың күре тамыры. Логистика жақсарса, сауда мен өндіріс те алға басады», — дейді Өркен Кенжебек.
Инвестиция көлемі 18,2 пайызға өсті.
Қаржы нақты секторларға — теміржол, өндіріс кешендеріне бағытталуда. Инвестиция тартудан Жетісу облысы (62,7%) алда келеді.
«Қаражат шынайы секторға кетіп жатыр. Бұл – болашақтың негізін қалайтын инвестиция», — деп баға берді блогер.
Сауда, байланыс және ауыл шаруашылығы салаларында да оң динамика бар.
Сауда — 7,8%, байланыс — 2,8%, ауыл шаруашылығы — 4% өсім көрсетті. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындары мен тұрақты табыстың көзі болуда.
«Осы салалардың барлығы тұрақтылық пен сенімділік үшін аса маңызды. Өмір сүруге қолайлы орта осылай қалыптасады», — деп жазды Өркен Кенжебек.
Пікірлер (0)