Степногорскіде әлеуметтік инфрақұрылым мен өндіріс қатар дамып келеді

Жаңалықтар
view 17
news

Фото: Ресми дереккөздкн

Степногорск қаласында әлеуметтік нысандар жаңартылып, ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне бағытталған өндіріс орындары дамып келеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

 Пресс-тур барысында журналистер күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектепке, балық өсіру өндірісіне және өсімдіктерді қорғау құралдарын шығаратын зауытқа барды.
Маршруттың алғашқы нысаны Ыбырай Алтынсарин атындағы №1 жалпы білім беретін мектеп болды. Мектеп 1964 жылғы 18 қыркүйекте ашылған, биыл оған 62 жыл толып отыр. Ғимаратқа жүргізілген техникалық тексеруден кейін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданған.
Жөндеу жұмыстары өткен жылы басталып, екі жылға жоспарланған. Бірінші кезеңде терезелер толық ауыстырылып, қасбеті мен жылыту жүйесі жаңартылды. Биыл сумен жабдықтау және кәріз жүйелері, шатыр жаңартылып, едендер ауыстырылды, бөлмелердің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, төбелер орнатылды.
Қазір жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мектеп 1 қыркүйекте оқушыларға есігін ашуы тиіс. Жаңа оқу жылында мұнда 24 бірінші сынып оқушысын қабылдау жоспарланып отыр, яғни бір сынып-жиынтық жасақталған.
«Өткен жылдан бері мектебімізде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінде жұмыстар аяқталуға жақын. Соңғы жұмыстар ғана қалды, 1 қыркүйекте жаңарған мектебіміз оқушыларға есігін ашады», - деді мектеп басшысының міндетін атқарушы Асель Есенаманова.
Әлеуметтік нысаннан кейін журналистер өндірістік нысандарға барды. «Прогресс-Агро» ЖШС-да балық өсіру цехының жұмысы көрсетілді. Мұнда уылдырықты инкубациялау және шабақты 50 грамға дейін өсіру жұмыстары жүргізіледі.
Процесс бірнеше кезеңнен тұрады. Инкубациядан кейін уылдырық шабақ өсіру цехында 20–30 грамға дейін өсіріліп, кейін салмағы шамамен 50 грамға жететін өсіру цехына ауыстырылады.
«Біз уылдырық сатып алып, оны инкубациялаймыз. Одан кейін шабақ өсіру цехында 20–30 грамға дейін өсіріп, өсіру цехына ауыстырамыз. Бір жыл ішінде 10 килограмм уылдырықтан салмағы 50 грамм болатын шамамен 6 тонна шабақ аламыз», - деді балық өсіру цехының аға шебері Александр Дербенко.
Балық өсіру бағытында ауысыммен төрт маман жұмыс істейді. Сонымен қатар «Прогресс-Агро» ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарына арналған жемшөп қоспаларын өндірумен айналысады. Бұл бағыттың өндірістік қуаты тәулігіне 11 тоннаға дейін жетеді.
Пресс-турдың келесі нысаны өсімдіктерді қорғауға арналған химиялық құралдар өндірілетін «ASTANA-NAN CHEMICALS» ЖШС болды. Кәсіпорын агрохимиялық өнімдердің отандық өндірушісі болып табылады. Барлық препараттар Ауыл шаруашылығы министрлігінде тіркелген, сондай-ақ жаңа өнімдерді тіркеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Зауытта автоматтандырылған режимде жұмыс істейтін 13 өндірістік желі бар. Өндірістік қуаты жылына 50 миллион литрге дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді.
«Біздің зауыттың қуаты - жылына 50 миллион литрге дейін. Қазақстан Республикасының қажеттілігін толық қамтамасыз ете аламыз. Алайда бүгінде ресейлік және қытайлық өндірушілермен қатаң бәсекелестік жағдайында жұмыс істеп жатырмыз», - деді филиал директоры Талғат Уали.
Өндірістік процестердің басым бөлігі автоматтандырылған. Қол еңбегі негізінен компоненттерді реакторға жүктеу кезінде пайдаланылады, ал өнімді түсіру және қаптау автоматты түрде жүзеге асырылады.
Кәсіпорында 180 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар шамамен 45 бос жұмыс орны бар. Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Атап айтқанда, дәнекерлеушілер, кран машинистері, ауыр жүк көліктері мен тиегіш жүргізушілері, тракторшылар қажет.
Пресс-тур бағыты Степногорстың бүгінгі дамуы тек қалалық инфрақұрылымды жаңартумен шектелмейтінін көрсетті. Қалада әлеуметтік нысандар жаңғыртылып, ауыл шаруашылығына қажетті өндіріс бағыттары да дамып келеді.
Бұл өзгерістердің артында нақты нысандар, білікті мамандар және күнделікті еңбек тұр. Осындай жобалардың нәтижесінде Степногорстың бүгінгі келбеті біртіндеп қалыптасып келеді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *