Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептер маңындағы қауіпсіздік күшейтіледі
Фото: Ресми дереккөзден
Вқмола облысында жаңа оқу жылының басталуына орай мектептер маңындағы жолдарда қауіпсіздік шаралары күшейтілуде, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Ақмола облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Данияр Аманжолов мәлімдеді.
Полиция жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, білім беру ұйымдарына жақын орналасқан жолдарды тексерді. Жол белгілері мен жол таңбаларының, жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жарықтандыру мен қоршаулардың жағдайы қаралды.
Мектептер маңына 900-ге жуық «Абайлаңыз, балалар!» белгісі, 700-ге жуық «Жаяу жүргіншілер өткелі» белгісі және 500-ге жуық жылдамдықты шектеу белгісі орнатылды. Сонымен қатар 200-ге жуық жасанды жол кедергісі жасалып, 300-ге жуық білім беру ұйымының маңындағы жол таңбалары жаңартылды.
Сонымен қатар іргелес аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 200-ге жуық нысанда жарықтандыру орнатылып, шамамен 80 нысанда тротуарлар жаңартылды, 120-дан астам нысанда автотұрақтар жабдықталды.
Полиция жүргізушілерді жылдамдықты төмендетіп, мектептер маңындағы жол учаскелерінде, әсіресе сабақ басталып, аяқталатын уақытта барынша мұқият болуға шақырады.
Пікірлер (0)