Таразда жылу беру маусымына дайындық аясында Қойгелді көшесіндегі тозығы жеткен жылу желілерін жаңарту жуырда аяқталады
Фото: Ресми дереккөзден
Таразда ТК-128 жылу камерасы маңындағы орамішілік жылу желілерінің учаскесін қайта жаңарту аяқталып қалды. Осыдан 35 жыл бұрын тартылған бұл құбыр бұған дейін ешқашан күрделі жөндеу көрмегендіктен, тозығы жеткен желіде жиі ақау шығып тұратын. Ақауды жою үшін суды мәжбүрлі түрде өшіруге тура келіп, одан ең алдымен көпқабатты үйлердің тұрғындары зардап шегетін. Энергетиктер жаңа жылу беру маусымында жағдай жақсы жаққа өзгереді деп уәде беріп отыр.
Тараз қаласындағы бұл жылу магистралінің учаскесі 1990 жылы салынған. Оны пайдалану барысында құбырдың тозу деңгейі 85 пайызға жеткен. Соңғы үш жылдың өзінде құбырда 10техникалық ақау тіркелді: 2023 жылы – үшеу, 2024 жылы – төртеу, 2025 жылы – үшеу.
Жоба «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасына енді. Жылу желісінің қалалық учаскесін жаңартуға 856,9 миллион теңге қарастырылған. Бұл ретте барлық жұмыс тек отандық материалдарды қолдану арқылы жүргізіліп жатыр. Мұның аймақ экономикасы үшін маңызы зор. Біріншіден, жөндеу жұмыстарына жергілікті мамандар тартылса, екіншіден, қазақстандық құбырлар мен жиынтықтауыштарды пайдалану жергілікті кәсіпорындардың дамуына серпін береді.
Ауыстырылуы тиіс құбырдың ұзындығы 700 метрден сәл ғана асса да, тұрғындар үшін бұл учаскені жөндеудің пайдасы орасан зор болмақ. Жылу желісі қайта жаңартылып, іске қосылғаннан кейін алты көпқабатты үйде тұратын 410 абонент пен спорт мектебінің тарбиеленушілері сенімді жылумен қамтамасыз етіледі. Мамандардың есептеуінше, қайта жаңарту нәтижесінде жылу магистралінің тозуы төмендеп, техникалық шығындар мен апаттық жағдайлар азаяды, демек, қысқы кезеңде жылу берудегі іркілістер де барынша азаймақ. Бұдан бөлек, бұл энергетика жүйесінде қуат тапшылығын болдырмай, болашақта сенімді әрі тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Жөндеу жұмыстарын кезекті жылу беру маусымы басталғанға дейін, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне қарай аяқтау жоспарланған.
Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.
Пікірлер (0)