Тау бөктеріндегі элиталық үйлердің кесірінен Алматыны үлкен апат күтіп тұр - депутат
Фотосурет: kaztag.kz
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек премьер-министрге, Бас прокурорға және Алматы қаласының әкіміне депутаттық сауал жолдады. Ол Алатау бөктеріндегі сай-жыраларды көму мен тегістеуге тыйым салуды, жерлердің заңдылығын, сондай-ақ Алматының таулы аймақтарындағы құрылыс нысандарының нысаналы мақсатын өзгерту заңдылығын тексеруді сұрап отыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Депутаттың айтуынша, жазғы рейдтер кезінде Медеу, Бостандық және Наурызбай аудандарында тау жоталарын заңсыз кесу, өзендер мен сай-саланы рұқсатсыз көму, сондай-ақ Іле Алатауының бөктерінде жаппай құрылыс фактілері анықталған.

Атап айтқанда, қалың өсімдігі бар табиғи сай-сала мен өзендер көміліп жатыр. Мемлекеттік органдардың әрекетсіздігінен Алматының жоғарғы бөлігінде болашақ элиталық таунхаустар мен коттедждер үшін көміліп бітпеген жыра қалмады деуге болады. Мұздықтар мен мұздақ көлдердің еруінен Алматыны үлкен апат күтіп тұр. Жыраларға салынған үйлерде тұратын мыңдаған адам су астында қалуы мүмкін. Өзімнің рейдтерімде 12 жыраның көмілуін анықтадым. Олар – еріген сулардың табиғи арнасы. Сіздер табиғатты алдап, оның заңдарын қайта жазамын деп ойлайсыздар ма? - деді мәжілісмен депутаттық сауалында.
Айтуынша, ол жыраларды көму мен орнына құрылыс салуға қатаң тыйым салынуы қажет. Бұл ретте элиталық коттедждер үшін тек тау қолтықтары ғана емес, ондағы жоталар да кесіліп, бар тыйым еленбей отыр.
Сонымен қатар депутат тамыз айында жергілікті элитаға тиесілі 25 жер учаскесін тексеруді бастаған.

Тау жоталарын кесу жағдайларының 80 пайызы Бутаковка, Кеңсай, Көктөбе, Горный гигант, Ерменсай, Бағанашыл, Ремизовкада тіркелген. Тіпті сібір жарасы көмілген жерлерде де тауларды кесіп, құрылысқа дайындап жатыр. Жақында ғана біз тау жоталарын кесуге тыйым салатын жер заңнамасына түзету енгіздік. Бірақ іс жүзінде ол тыйым жұмыс істемей тұр. Заңға қарамастан кесу жұмыстары жалғасып келеді, ал бақылаушы органдар әрекетсіз отыр, - дейді Бақытжан Базарбек.
Осы орайда ол мегаполистің өз ішіндегі заңсыз құрылысқа да тоқталды. Айтуынша, Алматыда ірі құрылыс нысандары ешқандай рұқсат құжатынсыз салынып жатқан көрінеді.

Мысалы, RAMS компаниясының даулы 40 қабатты мұнарасын алайық. Олардың қолында тек сәулеттік-жоспарлау тапсырмасы мен эскиздік жобаның келісімі бар. Ал 4 гектар аумақтағы қазаншұңқыр жоба-сметалық құжаттамасыз, сараптамасыз, рұқсатсыз қазылды. Біз құрылысты тоқтаттық, бірақ RAMS заңды мойындамай, жұмысын жасырын жалғастыруға тырысып отыр. Кеше ғана 40 қабатты тұрғын үйдің құрылысын қайтадан тоқтаттық», - дейді депутат.
Сондай-ақ ол Prime Park тұрғын үй кешеніне тоқталып өтті. Онда құрылыс-монтаж жұмыстары жобалық құжаттамасыз және қажетті сараптамасыз жүргізіліп жатыр.

Алматыда мұндай 20 нысан бар. Егер құрылыс бастапқы кезеңнен заңсыз болса, онда оны сүру әлдеқайда қиын. Осыдан 3 жыл бұрын «Сенім», MontBlanc, «Швейцария» сияқты тұрғын үй кешендерін сот шешімімен бұзу туралы шешім қабылданған. Алайда әлі күнге дейін сүру жұмысы орындалған жоқ. Мен Парламентте олардың сүрілуі туралы үш рет мәселе көтердім. Әділет министрлігі мен сот орындаушылары неге бұл үдерісті созып отыр? Әр фактіні тергеуіміз керек, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің алыпсатарлық пен жемқорлыққа қатысы бар-жоғын тексеруіміз қажет, - деді одан әрі Бақытжан Базарбек.
Сол себепті ол Үкіметтен сот шешімдерінің орындалуын ерекше бақылауға алуды, сай-жыраларды көмуге және тегістеуге толық тыйым салуды, оларды түгендеуді жүргізуді, жер берудің және мақсатын өзгертудің заңдылығын тексеруді талап етіп отыр. Сондай-ақ бұрын берілген сәулеттік-жоспарлау тапсырмалары мен эскиздік жобаларды жоюды, сай-жыралар көмілген учаскелерді мемлекет меншігіне қайтаруды ұсынды.
Пікірлер (0)