Temu-дан алынған ойыншықтар АҚШ-та тексеруден өтпеді
Фото: Starupper.gr
АҚШ Ойыншықтар қауымдастығы Қытайдың Temu маркетплейсінен сатып алынған ойыншықтарға жүргізілген тексеріс нәтижелері туралы есеп жариялады. Нәтижелер алаңдатарлық болды: тауарлардың 89%-ы балалар үшін қауіпті деп танылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Қауымдастық мамандары Қытайдан бақылау мақсатында ойыншықтардың арнайы партиясын сатып алған. Негізгі назар үш жасқа дейінгі балаларға арналған өнімдерге аударылды. Сатып алынған тауарлардың қатарында сұрыптағыштар, фетрден жасалған бизи-кітапшалар, дамытушы карточкалар, ағаштан жасалған музыкалық және еңбек құралдары болды.
Қауымдастық есебіне сәйкес, сатып алынған ойыншықтардың 65%-ының қаптамасында шындыққа сай келмейтін немесе жаңылыстыратын ақпарат көрсетілген. Мысалы, құрамында ұсақ бөлшектері бар ойыншықтардың өзінде 0+ жас санаты белгіленген. Сондай-ақ, мамандар баулар мен ленталардың барын анықтаған. Мұндай элементтер кішкентай балалар үшін тұншығу қаупін тудырады. АҚШ-тағы қауіпсіздік талаптарына сәйкес, мұндай тауарлардың қаптамасында арнайы ескертулер болуы тиіс. Алайда Temu-дан алынған ойыншықтарда мұндай белгілер мүлде болмаған.
Тексеру аясында сатып алынған батарейкамен жұмыс істейтін ойыншықтардың басым бөлігі де қауіпті деп танылды. Атап айтқанда, батарейка салынатын бөліктер балаларға оңай қолжетімді болып, еш қиындықсыз ашылған. Бұл батарейкалардың ойыншықтан оңай түсіп қалуына, ал кішкентай баланың оларды жұтып қоюына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдай асқазан-ішек жолдарының химиялық күйігіне немесе зақымдануына себеп болады. Ал аса ауыр жағдайларда баланың өліміне де әкелуі ықтимал.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мамандар тек сенімді өндірушілердің ойыншықтарын сатып алуға, қаптамадағы ақпаратты мұқият тексеруге және ойыншықтың құрылымына назар аударуға кеңес береді.
Осыған ұқсас тексеруді Еуропалық және Франциялық ойыншық өндірушілер қауымдастықтары да жүргізген. Сатып алынған 70 ойыншықтың 60-ы қауіпсіздік талаптарына сай келмеген.
Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары да Temu және басқа да қытайлық маркетплейстерден алынған балалар тауарларының құрамында қауіпті химиялық заттардың бар екенін бірнеше рет хабарлаған. Сәбилерге арналған киім, аяқ киім және аксессуарлардан фталаттардың рұқсат етілген мөлшерден асып кеткені анықталған. Бұл заттар ЖЗГС-на (СДВГ), мидың дамуындағы кідірістерге және болашақта репродуктивті функцияларға кері әсер етуі мүмкін. БАҚ сонымен қатар, балаларға арналған бұйымдардан ауыр металдардың табылғанын да хабарлаған. Олар улануға себеп болып, аса ауыр жағдайларда қайтымсыз салдарға және тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
Пікірлер (0)