"Теңізшевройл" көпбалалы әкені талмасы ұстап қалған қызын құтқаруға кеткені үшін жұмыстан қуып жіберген

Жаңалықтар
view 341
news

Сурет: Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Мұнайшы Әсет Әженовтің жұмыссыз жүргеніне 1 жыл екі айдан асқан. Жұмыстан шығып қалған осы аралықта ол сот органдарының табалдырығын тоздырып, әділеттікке жете алмай жүргенін айтты. «Теңізшевройл» компаниясы талмасы ұстаған қызын құтқарамын деп 7,5 сағатқа жұмыстан қол үзген азаматты бап бойынша қызметінен қуып жіберген көрінеді, деп хабарлайды janabastau.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Әсет Әженов 40 жаста, Атырау облысы Құлсары қаласында дүниеге келген. Ол алты баланың әкесі, жұбайы күміс алқа иегері. Бір баласының мүгедектігі барына байланысты қазір Ақтөбе қаласында тұрып жатыр.

«Жұбайым мүгедек баланың ресми түрде қараушысы, бала күтімімен отыр. Өзім 20 жыл бойы мұнай саласында қызмет еттім. Соңғы 12 жыл бойы «Теңізшевройл» ЖШС компаниясында жұмыс істедім. Осы жылдар арасында жұмыс тәртібін бұзып, түсініктеме жазып көрмеген адаммын. Компанияда вахталық кесте бойынша жұмыста болдым, яғни 21 күн жұмыс істеп, 21 күн демалыста боламыз.  Былтыр 2023 жылдың 20 мамырында келіншегім телефон соғып, 5 жасар қызымның талмасы ұстап қалғанын жеткізді. Өлім мен өмір ортасында жатқан қызыма жұмыстан шығып жөнелдім. Себебі әр ата-ана таразыда баласы мен қызметі тұрған жағдайда отбасын таңдары анық», - дейді Әженов.

Ол жұмыстағы әріптестеріне ескертіп, такси ұстап 121 шақырымда орналасқан Құлсары қаласына кетіп қалған.

«Қызымның алғашқы талмасы емес, ол 4 жылдан бері ауырады. Біздің аудан мен облыста балаларды қарайтын шағын бағыттағы бірде-бір дәрігер жоқ. Баламызды 4 жыл бойы Ақтөбе қаласындағы клиникадан алып жүрдік. Мен вахтадан шыққан соң сол жаққа барып емдететін едік. Осындай жағдайда Құлсарыға барып, әйелім мен қызымды Ақтөбе қаласына жөнелтуім керек. Алдын ала алынып тұрған билет те жоқ. Осылайша, 7,5 сағат жұмыс орнымда болған жоқпын. Келесі күні жұмысқа қайтып келдім. Компания өзіме ештеңе ескертпестен, төрт күннен кейін алдыма хат түрінде түсініктеме жазуымды сұрады. Мен жағдайымды айтып, түсініктемесін жазып бердім. Алайда олар маған қатаң ескерту жасап, 9 маусымда таңертең жұмыстан босатты», - дейді ол.

Әсет Әженовтің айтуынша, жұмыс беруші жұмыстан босатпас бұрын олар «тараптардың келісуі арқылы кетесіз бе?» деп сұраған.

«Мен өз еркіммен неге кетуім керек? 12,5 жыл осы жерде жұмыс істедім. Ештеңе ұрламадым, алаяқтық жасамадым, ішімдік ішіп жұмыс орнымды тастап кетпедім. Тойға да кетіп қалмадым. Баламның өмірін сақтап қалуым үшін мәжбүрлі түрде кетуім керек болды. Бап бойынша шығарамыз деді, шығарыңыз дедім», – дейді Әженов.

Осылайша, Әсет Әженов адвокат жалдап, алып мұнай компаниясы «Теңізшевройлді» Атырау қалалық сотына береді.

«Судья Динара Баймаханова істі екі ай қарады. Олар Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясына сұрау жасады. Менің жағдайымды зерттеп, қорытынды берулерін сұратты. Ол қортындыда жағдай егжей-тегжейлі қаралып, менің жұмыстан кеткен себебім түсінуге тұрарлық деген қорытынды шығарып, жұмысқа қайта қабылдап, төлемдерді төлеуді өтінген. Құжатта мемлекеттік инспектордың қолы мен мөр де бар. Осыған қарамастан, сот компанияның пайдасына шешілді. Онымен келіспей, облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірдік. Олар да істі 4 ай қарап, «шешімді өзгеріссіз қалдырамыз» деген шешім шығарып берді. Соңғы инстанция Жоғарғы сотқа жүгіндік. Наурыз айында арызды тапсырған едік. Шілдеде «қараусыз қалдырады» деген қаулы шығарып берді. Қазір Жоғарғы сот төрағасының атына шығу ғана қалды. Оған жібергенімізге 1 ай болды. 1,2 жыл жұмыссыз жүрмін. Менің 6 балам бар, мектеп оқитын 5 балам бар. Әке-шешем бар. Барлығын қосқанда маған 10 отбасы мүшесі қарап отыр», - дейді Әсет Әженов.

Оның айтуынша, Жоғарғы сотқа берілген арыздың мәртбесі 7 тамызда судьяға берілген деп тұр.

«Компания, жасарын жасап, жұмыстан шығарып тастады. Алайда Қазақстанның сот органдарындағы әділетсіздік жанға батып отыр. Растайтын құжаттардың барлығы бар. Сол күні ауруханаға баланың ауыр жағдайымен бардым деген анықтама да бар. Осылардың барлығы бола тұра, әділеттікке жете алмай жүрмін», - дейді ол.

Пікірлер (1)

  • Бізде әділ сот жоқ,жемқорлар жайлаған Елміз!!!бауырым балаларыңа құдай қарассын,басқа айтарым жоқ ,мына билікке де заманға да!!!

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *