«Тезеңді батырдың...»: Тұңғышбай Жаманқұлов марқұм Асанәлі Әшімовпен ерекше қоштасты
Фото: BAQ.KZ
Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай әл-Тарази (Жаманқұлов) күні кеше қайтыс болған танымал актер, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов туралы жантебірентерлік жазба жариялады. Кезінде екеуінің арасында ала мысық жүгіріп өткен болатын, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Асқар тауымыз едің - аласармадың... Аспанға кеттің... Мәдиіңді ойлап мұң байладың... Сағиыңды сағынып сал шекпен жамылдың... Қатарыңнан жалғыз едің - соңдарынан кеттің... Қатарымнан жалғызбын - арттарында қалдым.... Ағалық жасап арқамнан қақпадың - әлжуаздықтан сақтадың... Көкем болып, көңілімді өсірмедің - кішілігім кем боп жақпадым... Жерлес ретінде жығылғанымда жебемедің - өз күшіме сендірдің... Сүйеніш болмадың - жансірілікке үйреттің... Тірегім болмадың - табаным таймастай тағаладың... Белімді бумадың - бекемдікке баулыдың... Алдымда жүріп, адымымды ұзарттың... Соңыңда қалдырмадың - ізіңде жүргенімді сездің... Қатарымды тептің... Тізеңді батырдың - Мен кештім... Биіктігіңе парапар, Пенделігіңді көрдім - Өзің де кеш... Өкпеге қисам да, Өлімге қимадым... Сарыуайым - Сағынышқа айналдың... Қош... Бақыл бол... - деп жазды Тұңғышбай Жаманқұлов.
Еске сала кетейік, 21 желтоқсанда, яғни кеше 88 жасқа қараған шағында Асанәлі Әшімов өмірден озды.
Пікірлер (0)