Тіл – достықтың алтын көпірі

Жаңалықтар
view 592
news

 

Шын тіл үйренемін деген адам үшін қанша жерден кедергі болса да, оны меңгеріп алып кетер күш-қуат та молынан беріледі екен. Бұған Қосшы қаласындағы Тілдерді оқыту орталығының оқушысы Анна Бойконың жайы айқын мысал.

Бір жылдан бері қазақ тілі курсында білім алып жүрген Анна Бойко тілді үйренуге деген қызығушылығы мен ынтасының зор екендігін жасырмады.Үш баланың анасы әлеуметтік желідегі парақшасын қазақ, орыс тілінде жүргізуді армандайды. Сол үшін алдына үлкен мақсат қойған. Ол жыл соңына дейін қазақ тілінде емін-еркін сөйлеп, түсінуді көздейді:

– Арқалықта туғанмын. Ол жерде бәрі қазақ тілінде сөйлейтін. Бала кезімде мен де көрші балаларға еріп, қазақша сөйлеуді үйрендім. Отбасымызбен Қостанайға көштік, одан кейін Алматыда болдық. Бір қызығы, аталған аймақтарда қазақ тілінде сөйлеушілер сирек еді. Сұраныс болмаған соң, мен де қазақ тілін ұмыта бастадым. Одан кейін Астана қаласынан кейін жайлап Қосшы қаласына көшіп келдік. Ал мұнда қазақ тілін қолданушылардың аясының кеңдігін аңғардым. Осылайша, менің тілге деген қызығушылығым қайта оянды. Жүрген жерімде қазақ тілінде сөйлеп тұрғандардың әңгімесінің тек жартысын ғана түсінетіндігімнен ұялатын болдым. Сөйтіп, қазақ тілі курсына жазылған болатынмын, – дейді Анна Бойко.

Үш баланың анасы уақытты құр жіберіп, қарап отырғанды ұнатпайды.Қолдан келсе әр сәтін білім алып, өзін жетілдіріп отырғанды жөн санайды. Экономика саласыныңмамандығын меңгерген Анна шаштараз саласында да өзін сынап, жұмыс істеген шебер. Он саусағынан өнер тамған ол қолөнерден де кенде емес. Түрлі сөмке, баскиім, қолғап, мойынорағышты тоқи алатын Анна әр бұйымын үлкен махаббатпен жасап, сатылымға ұсынып жүр.

– Қазіргі уақытта әлеуметтік желі деген үлкен сауда, кәсіп алаңына айналып, қолданушыға тамаша мүмкіндік беріп отыр. Осы мүмкіндікті қалт жібермей, қолымнан келер істі дамытқым келеді. Желі қолданушыларының басым көпшілігі қазақ тілді контентті іздеушілер болғандықтан, мен де өз парақшамды екі тілде жүргізгім келеді. Білген дүниемді екі тілде үйретсем, оқырман, көрерменмен емін-еркін кері байланыс жасай алсам деймін. Қазақ тілінде еркін ойлап, сөйлеп үйренсем үлкен бір мақсатымның орындалғаны болар еді. Табандылықпен жұмыс істесем, ол күн де алыс емес деп білем.«Қазақтың кім екенін білгің келсе, Абайды оқы» демей ме? Мен де ұлттың жанын түсініп, тарихының тереңіне үңілу үшін Абайдың шығармаларын еркін түсінетін мүмкіндікке ие болсам деймін.

Ізденуге, білуге жаны құмар Анна Бойко Қосшы қаласының Тілдер орталығының белсенді оқушысы. Ол мұнда өткізілетін мәдени, ғылыми іс шаралардан қалмауға тырысады.

– Тілді үйрену үшін сол тілді белсенді қолданатын ортамен тығыз байланыста болу маңызды деп білемін. Сондықтан біліміме білім қосып, көкжиегімді кеңейтер, қаланың маңызды шараларында белсенділік танытуға тырысамын. Қазақ тілін үйрену, білу мұнда тұрып жатқан әрбір азаматтың қасиетті борышы деп санаймын. Еліміздің ертеңі кемел болуы үшін қай-қайсысымыз болсын үлес қосуымыз шарт. Балаларымның арасында кенжеміз қазақ тілін меңгеруге бейім. Қазақ тілінде ән айтып, сахнада өнер көрсетіп жүр. Біз ақпаратқа оңай қол жеткізе алатын, білім алуға мүмкіндігі мол тәуелсіз, еркін мемлекетте өмір сүретіндігімізді мақтан еткеніміз абзал. Мереке құтты болсын, болашағымыз жарқын болсын! - дейді қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қолынан келгенше аянбайтынын білдірген Анна Бойко.

  Қосшы қаласының Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілін оқытушы Маржан Әбілқасым Аннаның қазақ тілін меңгеруге деген ынтасының зор екендігін алға тартады. Әлеуметтік желіні екі тілде жүргіземін деген мақсатпен келген ол бастапқыда бір ауыз қазақша түсінбеген екен.

– Анна ізденгіш, табанды, әр сабаққа ыждағаттылықпен дайындалып келетін, ынтасы зор тіл үйренушілердің бірі. Үш баласын мектебімен қатар, түрлі үйірмелерге апарып жүрген ол сабақтан қалмайды. Орталықтың ұйымдастыратын шараларында да белсенді. Қазақ тілін үйренсем, мүмкіндігім артар еді деген жауапкершілікпен қарайды. Жалпы, орталығымызға келіп, қазақ тілін үйренгім келеді. Бұл тілді білу міндетім деп қарайтын өзге ұлт өкілдерінің қатары жыл санап артып келеді. Бұл бүгінгі күні ақпаратты мемлекеттік тілде насихаттаумен байланысты деп қараймын. Қазақ тілінің болашағы зор. Бұл бағытта мемлекеттің тарапынан жақсы жұмыстар жүргізіліп жатқандығы қуантады. Ұстаз ретінде алдыма келген әрбір тіл үйренушіге тек тілдің граматтика, стилистикасын үйретіп ғана қоймай, Отанға, елге, тұғырлы тәуелсіздігі бар Қазақстанға деген махаббаты мен құрметін арттырар іс-шаралар өткізуге тырысамыз. Соңғы уақытта шығып жатқан тарихи фильм, көркем әдебиеттің тілі жатық. Бұл дегеніңіз қазақ тілін меңгеремін деген Анна секілді өзге ұлт өкілдеріне берілген үлкен мүмкіндік, – дейді тіл орталығының оқытушысы.

Біршама ұлттың басын қосқан Қосшы қаласында қазақ тілінің қолданыс аясының кең екендігіне мерекелік шара, кездесу, басқосудың басым көпшілігінің ана тілімізде өтетіндігі дәлел. Ал бұл тілге құрмет көрсетіп, заман талабына сай үйреніп, меңгеріп кетсем деген өзге ұлт өкілдерінің бар екендігі көңіл қуантады. Елдігіміз бен еркіндігіміз жарасып, тілдің мәртебесі асқақтай берсін деп тілейміз.

Гүлназ БИСЕН

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *