Тоқаев пен Әлиев стратегиялық серіктестікті нығайту жөнінде келіссөз жүргізді
Фото: Ақорда
Астанаға мемлекеттік сапармен келген Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетудің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Ақорда мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Әзербайжанды бауырлас ел, ал екі ел халықтарын тарихи және рухани байланысы мықты жұрттар деп атап, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға Қазақстанның айрықша мән беретінін айтты.

Сізді Қазақстанда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл сапар елдеріміз арасындағы одақтастық қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Әзербайжан бүгінде Сіздің көшбасшылығыңызбен өңірде ықпалды мемлекетке айналды. Біз үшін сауда-экономикалық және саяси серіктестікті нығайту – аса маңызды міндет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Ильхам Әлиев Қазақстанның тұрақты дамуы мен саяси реформаларын жоғары бағалады.

Қазақстан бүгінде даму көрсеткіштері бойынша жоғары деңгейде тұр. Сіздің жүргізіп отырған жаңғырту саясатыңызға зор қызығушылықпен қараймыз және толық қолдаймыз. Біз барлық бағыттағы ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз, – деді Әзербайжан Президенті.
Келіссөздер барысында мемлекет басшылары:
- сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы серіктестікті кеңейту,
- мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту,
- аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өзара іс-қимылды арттыру мәселелерін талқылады.
Кездесу аясында тараптар екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сенім мен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендерін білдірді.
Айта кетейік, бүгін Тоқаев Әзербайжан Президентін Ақордада қарсы алды. Сондай-ақ кеше Қазақстан Президенті мәртебелі мейманды Астана әуежайынан күтіп алған болатын.
Пікірлер (0)