Президент қайта жаңғыртқан Республика күні мерекесі елдің еңсесін тіктеді
Фотосурет: ашық дереккөзден
25 қазанда еліміздің ең ұлық мерекелерінің бірі – Республика күні атап өтіледі. Әрбір қазақстандық үшін бұл күн – тәуелсіздік үшін жасалған ерлік қадамдарымыздың символы, ұлттық бірлігіміздің айғағы. Бұл мереке – біздің ортақ тарихымызды, тағдырымызды, болашағымызды біріктіретін маңызды оқиға, деп жазды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Еске сала кетсек, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Осы құжат арқылы Қазақстан жаңа кезеңге аяқ басып, мемлекет болып қалыптасу жолында маңызды қаулы жасалды.
Бір қызығы, бұл күні мерекелік статус тұрақты болмаған. 1995 жылы алғаш рет «ұлттық мереке» мәртебесіне ие болғанмен, кейін ол мәртебеден айырылды. Ал 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайтадан ұлттық мереке ретінде бекітілді. Әрине, бұл шешім халық тарапынан жоғары бағаланған тарихи әділдік болды. Өйткені Республика күні – біз үшін тек күнтізбелік дата ғана емес, халқымыздың ұзақ уақыт бойы аңсаған дербес мемлекеттілікке жету жолындағы қажырлы еңбегінің, сан ғасырлық арманының нәтижесі еді.
Сол сәтте мерекелік апта бекітілді де еліміздің әр өңірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, бір жырғап қалдық. Атап айтқанда, мектептер мен жоғары оқу орындарында «Менің Отаным – Қазақстан», «Республикам менің» тақырыптарында тәрбие сағаттары өткізілді. Ол шаралар оқушылардың туған жеріне, елге деген патриоттық сезімін арттыруға бағытталды. Еріктілер мен қоғам қайраткерлері бірлесе отырып, халықтың назарын ел бірлігіне, тыныштық пен татулыққа аудару мақсатымен «Бейбітшілік пен келісім» жобаларын іске қосты. Сондай-ақ мемлекеттік деңгейде салтанатты жиындар, наградалар табыстау рәсімдері, концерттер, көрмелер, театр-шоулар және мәдени кештер болды. Әуеде Елтаңба мен Туымыз желбіреп, халықтың мемлекеттік рәміздерге деген құрметі еселене түсті.
Осы шаралардың барлығы халық бірлігін нығайтуға, тәуелсіздігіміздің қадірін арттыруға бағытталған. Оған көп адамның жиналуы – жұмылған жұдырықтай тастүйін бірлігіміздің, елдік рухтағы ортақ мақсатымыздың көрінісі.

Баршаңызды еліміздегі ең ұлық мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған, бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн, - деді Қасым‑Жомарт Тоқаев мереке қарсаңындағы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ел болашағы біздің осындай ынтымақтастығымызда екенін баса айтып, мерекелік көңіл-күйдегі көпшілікке жүрекжарды тілегін білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанның қазір әлем мойындап, құрмет тұтқан мемлекетке айналуы – Республика күні мерекесін шаттықпен қарсы алатын басты құндылық.

Жастарды патриотизмге тәрбиелеу, ұлттық бірлікті нығайту, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу – бүгінгі күннің міндеті. Тәуелсіздікке жеткен тәуекелді жолда әрқайсымыздың өз ізіміз бар, - деді Президент.
Анықтама бере кетсек, «Республика» сөзі латын тілінен аударғанда, «ортақ іс», яғни «ортақ жауапкершілік» деген мағына береді. Демек, еліміздегі Республика күні мерекесі өткенімізді құрметтеп, бүгінгімізді бағалап, ертеңімізге сеніммен қадам басатын сәттерден халыққа жылына бір есеп беріп тұратын күн іспетті.
Жинақтап айтқанда, 25 қазан – ел тарихындағы маңызды белес.
Әрқайсымыз үшін ол:
- тәуелсіздікке, мемлекеттілікке жасалған қадам;
- бірлік пен татулықтың символы;
- бүгінгі жетістігіміз бен ертеңге деген сенімнің кепілі.
Сондықтан осы бір айтулы мерекеде әрқайсысымыз туымызды жоғары көтеріп, елтаңбамызды қадірлеп, тағылымы мол сөздермен достарымызды, отбасы мүшелерін құттықтап, «мен – Қазақстанымның бір бөлшегімін» дегенді жүрекпен сезіне алсақ игі.
Пікірлер (0)