Тоқаев Түрікменстанда өңір үшін маңызды мәселені ашық айтты
Фото: Ақорда
Посткеңестік кеңістіктегі интеграция жылдар бойы бір мәселеден арыла алмай келді. Ол – құжаттарды сол құжаттардың өзі үшін әзірлеу. Саясаткерлер кездесіп, камера жарқылдаған сәтте меморандумдарға қол қойып, кейін тарасатын. Ал жобалар жылдар бойы сөрелерде шаң басып жататын. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптасқан дипломатиялық риторика мен жалпылама сөздер шеңберінен шығып, мәселені прагматикалық әрі турашыл көшбасшы ретінде көтерді. Ол халықаралық саммиттерде көбіне айналып өтілетін тақырыпты – артық формализм мен нақты нәтижелердің тапшылығын ашық айтты.
Президент 2018 жылдан бері өңірде 200-ден астам бастама ұсынылғанымен, олардың іс жүзінде жүзеге асырылуы мардымсыз екенін атап өтті. Тоқаев сыртқы істер ведомстволарына осы бастамаларды түгендеп, олардың қайсысы әлі де өзекті екенін және қайсысының болашағы барын анықтауды ұсынды. Сонымен қатар кездесулердің қалыптасқан форматын артық рәсімшілдікке жол бермей сақтауға шақырды. Ендігі міндет – өңірде нақты нәтижеге бағытталған көрсеткіштерді, яғни KPI жүйесін енгізу. Егер сауда көлемі өспесе, жаңа зауыттар салынбаса немесе ортақ цифрлық платформалар құрылмаса, онда мұндай бастамаларды қайта қарау қажет. Жиында Орталық Азия елдеріне ортақ өңірлік телеарна құру бастамасы да айтылды. Оны Қазақстанның Silk Way телеарнасының негізінде қалыптастыру ұсынылды. Сондай-ақ 2027 жылы «Орталық Азия – игі істердің ортақ кеңістігі» атты жастар форумын өткізу бастамасы көтерілді.
Мәдениет пен волонтерлік – сенім қалыптастырудың маңызды құралы
Туризм мен волонтерлікті дамыту бүгінде жай ғана гуманитарлық шаралар аясынан әлдеқашан шықты. Ең алдымен, бұлар – жұмсақ күш саясатының және қоғамдар арасындағы ұзақ мерзімді сенімді қалыптастырудың маңызды тетіктері. Көршілес қоғамдар арасында өзара сенім болмаса, миллиардтаған қаржы жұмсалған көлік дәліздері де өз әлеуетін толық аша алмайды. Жас кәсіпкерлер, ғалымдар мен волонтерлер арасындағы тікелей байланыстар – ынтымақтастықтың берік негізі. Мұндай байланысты тек үкіметаралық келісімдер арқылы қалыптастыру мүмкін емес. Ортақ өңірлік телеарна ресми күн тәртібін жариялаумен ғана шектелмей, көрші елдердің мәдениетімен, дәстүрімен және қоғам өмірімен таныстыру миссиясын да атқара алар еді. Өйткені көршілерімізде не болып жатқанын білу – өзара түсіністікті арттырудың маңызды шарты.
Қауіпсіздік ұғымы кеңейіп келеді
Қазіргі заманда қауіпсіздікті тек шекараны қорғау және әскери әлеуетпен өлшеуге болмайды. Бүгінде тұрақтылық су ресурстарының қауіпсіздігімен, технологиялық және ақпараттық орнықтылықпен де өлшенеді. Жасанды интеллект дамып, киберқауіптер күшейіп, технологиялық прогресс жеделдеген кезеңде ешбір ел өз ресурстары мен қауіпсіздігін жалғыз өзі толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан өңірлік ынтымақтастықтың маңызы артып отыр. Орталық Азия мен Әзербайжан тату көршілік пен әдемі ұрандарды тұрақты әрі тиімді жұмыс істейтін тетіктерге айналдыру қажет болатын кезеңге жетті. Елдеріміз арасындағы мәдени-ағартушылық және ақпараттық алмасудың әлеуетін де толық пайдалану маңызды. Жаһандық жіктелу күшейген қазіргі кезеңде әр мемлекеттің жеке-дара әрекет етуі ірі геосаяси ойыншылармен бәсекелестікте өзінің мүмкіндіктерін саналы түрде шектеумен тең. Сондықтан көлік дәліздерін мәдени платформалармен, ал экономикалық жобаларды қоғамдар арасындағы өзара сеніммен ұштастыратын кешенді тәсіл қажет. Мақсат – макроөңірімізді сыртқы ықпалға тәуелді нысан немесе картадағы жай ғана транзиттік аймақ күйінде қалдырмай, Еуразия кеңістігінде өз мүддесін үйлесімді түрде қорғай алатын дербес ынтымақтастық орталығына айналдыру.
Сырым Иткулов, саясаттанушы
Пікірлер (0)