Ұларбек Дәлейұлының «Бату хан» тарихи-деректі романы жарық көрді

Жаңалықтар
view 70
news

Фото: ашық дереккөз

Жуырда белгілі ақын, соңғы уақыттарда прозада, проза болғанда, тарихи тақырыптарды қаузап, көлемді роман жанрында өнімді еңбек етіп жүрген қаламгер Ұларбек Дәлейұлының кезекті «Бату хан» атты тарихи романы жарық көрді. Бұған дейін баспа бетін көрген «Жошы хан» кітабы да оқырмандардың зор қызығушылығын тудырған-ды. Олар және сүйсіне оқып, кейбірі жылы пікірлерін әлеуметтік желі арқылы білдірген болатын. Енді Түркістан қаласында өткен Түрік елдерінің халықаралық кітап жәрмеңкесінде «Бату хан» тарихи-деректі романының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Іс-шараға көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет, белгілі жазушылар Құлбек Ергөбек, Баянғали Әлімжанов қатарлы руханият ұстаздары, жер-жерден келген қалың оқырман қатысқан. Кешті танымал ақын Дәулеткерей Кәпұлы тізгіндеген.

Құлашын кеңге сілтеп жүрген қаламгер Ұларбек Дәлейұлының өзі:

Ырымшылдау адам едім, жылға жуық жазылып жатқан «Бату хан» тарихи-деректі романым бар ғой, соның бірінші томының нүктесі Республика күнінде қойылғаны кездейсоқтық болмаса керек,  дейді. Ал Сайын ханның әке тағына отырғанынан өмірінің соңына дейінгі әйгілі оқиғалар тізбегі, Еділ мен Туна-Дунайды жағалай жасаған ғаламат шайқастары, жан сенбес ерліктері, мейманасы тасыған жеңістері, империяны Жұмақ елге айналдырып, қайтыс болуы – бір томның ішіне қанша тықпаласаң да, тіземен түйгіштеп, бүйірін шертіп, ауызын тарамыспен тіксең де сыймайтыны белгілі екен. Сондықтан әйгілі Шайо ұрысынан соң тұтас Еуропаны «қуыс-қуысқа тығылдырып, күркесіне бұғындырып», Еділге қайтқан жеріне дейінгі оқиғалар осы кітапқа жүк болды.

Танымал жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Бату хан» тарихи-деректі романы — Ұлық Ұлыста Жошы ханнан кейін таққа отырған Бату ханның жастық шағын, оның атасы Шыңғыс қағаннан бата алып, алғашқы жорықтарға аттанған кезеңін суреттеуден басталады.

Бату хан өз заманында шүршітті қайыра шапқан шайқастарға белсене қатысып, Батысқа жорық жасап, Орталық Еуропаға дейінгі байтақ аумақты иеленген.

Көшпелілерге тән далалық заң негізінде байтақ ұлыс территориясында жаңа тәртіп пен мәдениеттің, озық өркениеттің қалыптасуы — Бату хан бастаған ханзадалар мен нояндардың, жанкешті жасақтардың ерен ерлігінің нәтижесі. Романда сан қилы оқиғалар желісі қазақы құнарлы тілмен өрнектеледі.

 

Кітап көпшілік оқырманға арналған.

Айта кетейік, осы аталған халықаралық кітап жәрмеңкесінде Ұларбек Дәлейұлы TURKSOY Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *