Ұлтқа қызмет қылған QAZBILIM неге қудалауға түсті?

Жаңалықтар
view 124
news

Фотосурет ашық дереккөзден

2014 жылы құрылған QAZBILIM жобасы 11 жыл ішінде 13 мыңнан астам түлек шығарды. Орталықтың басты жемісі – ұлттық лицейлер желісі. Үш-ақ жылда 345 түлектің жетеуі Назарбаев университетіне, тоғызы шетелдің үздік оқу орындарына грант иеленіп, кейбірі әлемнің 15 университетінен шақырту алған. Бірақ осындай жетістіктің көлеңкесінде қазір қысым мен қудалау тұр. Бұл туралы жобаның жетекшісі Аятжан Ахметжанұлы Facebook әлеуметтік желісіне жазды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Жетістікке – қудалау

Ахметжанұлының айтуынша, 2023 жылдың наурызынан бері QAZBILIM жүйелі түрде қудалауға ұшырап келеді. Мұғалімдердің жалақысы кешігіп төленуде. Қаржы орталығы қаражатты уақытылы бермейді.

«Жалақы – бұл салдар. Қаржы орталығы бермей отырған қаражатты берсе, жүзіміз жарқын болар еді. Бірақ оларға сенуге болмайды. Мұғалімдерден кешірім сұрап, бөліп-бөліп таратып келемін», – дейді ол.  Оның сөзінше, бұл жай ғана «төменгі деңгейдегі шенеуніктің қателігі» емес. «Қысымды бастауыштар емес, жоғары биліктегілердің өзі ұйымдастырып отыр», – дейді ол.

Әдейі тұншықтыру ма?

Маусым-шілде айларында арнайы тапсырма беріліп, жобаны әдейі тығырыққа тіреу көзделген. «Кездескен адамдардың бәрі заңсыздықты көріп отыр. Жағасын ұстайды. Бірақ еш нәтиже жоқ. Бұл тым күдікті», – дейді Ахметжанұлы.

Соңғы үміт

Ахметжанұлы ұлттық мектеп жобасын құтқаратын екі-ақ жол қалғанын айтады:

1. Президент Тоқаевтың араласуы.

«Президенттің білім саласына жасап келе жатқан қолдауын жақсы білемін. Соған сеніп хат жаздым. Әділетсіздікке бейжай қарамайды деп сенемін».

2. Қомақты қаржы.

Бірақ инвесторлар ұлттық мектепке келгенде «қолын тартып қалады».

Ұлттық мектеп – ұлттық арман

Ахметжанұлының соңғы сөзі ауыр естіледі: «Ұлттық мектеп – ақ адал арман. Оған балта шабу – елдің болашағына балта шабу. Бойымда жан барда, бұл жолдағы әрекет тоқтамайды!»

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *