Ұлттық құндылықты сақтаудың өзегі – дін мен дәстүр сабақтастығы
Фотосурет: ummet.kz
Кей жағдайда елімізге ертеректе енген ислам діні мен қазақтың ұлттық салт-дәстүрінің бітеқайнасып кеткені рас. Бірақ осы дін бойынша әлемде кең етек жайып кеткен жат ағым идеологияларының қоғам тыныштығын бұзып, дін мен дәстүр сабақтастығына да сызат түсіріп жатқаны тағы белгілі. Реті келгенде біз бұл тақырып төңірегінде астаналық теолог маман Ерасыл Талғатұлымен аз-кем әңгімелескен едік.
– Ерасыл Талғатұлы, қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық, рухани құндылықтарды сақтау мәселесі күрделене түсті. Әлемдік ақпарат легі мен халықаралық мәдени алмасулардың ұлттық санаға әртүрлі әсер етіп жатқаны рас. Осындай жағдайда дін мен дәстүр сабақтастығының рөлі қандай?
– Жалпы, қазақ жеріне ислам діні VII-VIII ғасырлардан бастап тарай бастады деген пікірлер бар. Ал X ғасырдан бері, әсіресе Қарахан мемлекеті тұсында ислам мемлекеттік дін ретінде орнықты. Содан бергі мыңжылдықта ислам қазақтың моральдық-этикалық нормаларын, отбасылық тәрбиесін, салт-дәстүрін қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Қазақ дәстүрлерінің көпшілігі ислам қағидаларымен үйлеседі. Мысалы, қонақжайлылық, тазалық, үлкенді сыйлау, туыстық қарым-қатынасты қадірлеу, қайырымдылық жасау – әрі ұлттық дәстүр, әрі исламның негізгі құндылықтары. Жаңа туған сәбиге азан шақырып ат қою рәсімі немесе шілдехана, қырқынан шығару секілді салттар да шариғатқа қайшы келмей, тіпті үйлесімді түрде атқарылады.
– Сондай-ақ мына ақпараттық кеңістікте деструктивті діни идеологиялардың таралу қаупі жиі айтылады. Бұл мәселе жөнінде не айтар едіңіз?
– Бұл – өте өзекті мәселе. Бүгінде халықтың шамамен 75 пайызы ислам дінін ұстанады деп есептеледі. Дегенмен интернет пен әлеуметтік желілерде бұрыс діни түсінік беретін, шетелдік идеологияны таратып жүрген топтар да бар. Әсіресе діни сауаты төмен жастардың сондай ағымдарға алданып қалу қаупі жоғары. Деструктивті идеологиялар адамның сенім жүйесін бұзып, қоғамнан оқшаулау арқылы әлеуметтік байланыстарды әлсіретеді. Егер адам өзінің дінін, дәстүрін, ұлттық мәдениетін білмесе, кез келген ақпаратқа сеніп қалуы мүмкін. Сондықтан рухани иммунитет қалыптастыру – қоғам тұрақтылығының негізгі шарты.
– Енді сол рухани иммунитетті қалай нығайтуға болады?
– Алдымен білім қажет. Дінге қатысты сауатты, жүйелі түсінік болсын десек, кәсіби теологтар мен имамдардың, ұстаздар мен ата-аналардың рөлі өте маңызды. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары – семинарлар, кездесулер, дәрістер, жастармен форматтық әңгімелер – иммунитетті күшейтетін негізгі құралдар. Ауылдарда діни мамандар мен ақпараттық ресурстардың жетіспеуі байқалады. Бұл – назар аударуды қажет ететін мәселе. Өйткені бейтарап және сенімді дереккөздердің болуы, діни білімнің дұрыс жолмен берілуі идеологиялық тұрақтылыққа қызмет етеді.
– Ал өзіміздің ұлттық руханиятты сақтаудағы әйелдің, ананың рөлі туралы не айтасыз?
– Қазақ қоғамында әйел – тек отбасының ұйытқысы емес, ұлт болмысының басты діңгегі. Исламда да ананың орны ерекше құрметке ие. «Жұмақ – аналардың аяғының астында» деген хадис те бар. Әйел – балаға алғашқы тәрбие беруші, отбасындағы имандылықтың негізгі ұстазы. Бүгінгі ақпарат алаңы күрделі, ал жасөспірімдер ақпаратты өте тез қабылдайды. Сол себепті отбасындағы рухани тәрбие, ананың мейірімі мен ақыл-кеңесі – балаларды теріс ағымдардан қорғайтын басты қалқан.
– Соңғы сұрақ, дін мен дәстүр сабақтастығын нығайтудың ұлттық қауіпсіздікке қандай әсері бар деп ойлайсыз?
– Ұлттың рухани тамыры терең болса, оны ешқандай жат идеология бұза алмайды. Дін мен дәстүрдің өзара үндестігі – қазақ қоғамының бірлігі мен тұрақтылығының негізгі кепілі. Бізге дұрыс діни түсінік, сенімді ақпарат, мәдени-рухани мұраға құрмет және тиімді түсіндіру жұмыстары ауадай қажет. Осылар орныққан жерде қоғамның рухани иммунитеті күшейіп, ұлттық идеология да берік болады дер едім. Ұлт болашағы үшін дін мен дәстүрді қатар зерттеп, оларды қоғам санасына дұрыс жеткізу – барлығымыздың ортақ міндетіміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ғали ТӨЛЕК
Пікірлер (0)