Жалақының төмендігі халықты қосымша жұмыс істеуге мәжбүрлеп отыр

Жаңалықтар
view 70
news

Фото: ашық дереккөз

Сарапшылардың пікірінше, елдегі бағаның өсуі мен халық табысының төмендеуі бүгінде елдегі басты әлеуметтік сын-қатерлерге айналып отыр. Бұл факторлар еңбек миграциясын күшейтіп, мемлекеттік институттарға деген сенімнің әлсіреуіне әкелуде, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Digital Business жазды.

«Халықтың 75 пайызы бағаның өсуіне алаңдайды»

PaperLab зерттеу орталығының директоры, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев қоғамдағы осы үрдістердің себептері мен салдары туралы пікір білдірген.

Соңғы екі жылда теңге бағамы 445-тен 526-ға дейін әлсіреген. Бұл жағдай, әсіресе, жалақысы тұрақты мемлекеттік қызметкерлер мен зейнеткерлерге ауыр соғып отыр.

Халықтың 75 пайызы бағаның өсуіне алаңдайды. Бұл – бүгінгі ең өзекті мәселе, – дейді сарапшы.

Теңге құнсызданған сайын адамдардың несие жүктемесі артып келеді. Көпшілігі техника мен тұрмыстық заттарды бөліп төлеуге алып, болашақтағы қымбаттаудан қорғануға тырысады.

Баспана бағасының қымбат болуы – урбанизация, көші-қон және жемқорлық факторларымен байланысты.

Зейнетақы қорындағы қаражатты шешіп алу мүмкіндігі тұрғын үй бағасын күрт өсіріп жіберді. Бұл – орта және төмен табысты азаматтар үшін үлкен соққы болды, – дейді Бейсембаев.

«Әлеуметтік тұрақтылыққа төнген қатер»

Баспана – тек тұрмыс қажеттілігі емес, табыс пен беделдің символы. 

Үйі жоқ адам өзін толыққанды табысты сезіне алмайды. Сондықтан көпшілігі шетелге жұмыс іздеп кетіп жатыр, – дейді сарапшы.

Дәрігер мен мұғалімнің орташа айлығы – 350–500 мың теңге. Ал ұлттық компания басшылары миллиондап табыс табады.

Мұндай теңсіздік – әлеуметтік тұрақтылыққа қатер. Соңғы жылдары қос, тіпті үш жұмыс істейтіндер көбейді. Бұл халықтың шаршауын, ашуын күшейтеді, – дейді ол.

Бейсембаевтың айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу шынайы өзгеріс әкелмейді.

Мәселе құрылымда емес, сайлау әділдігінде. Қазіргі партиялар халықтың мүддесін жеткізбейді, сондықтан реформа тек имитация болуы мүмкін, – дейді сарапшы.

«Жастардың саяси белсенділігі төмен»

Оның пікірінше, Қазақстандағы орта тап – негізінен квазимемлекеттік сектордағы лоялды топ.

Бұл – мемлекетке тәуелді, ал нағыз еркін орта тап бізде әлі қалыптасқан жоқ, – дейді әлеуметтанушы.

Еңбек миграциясы көбіне орта білікті мамандар арасында өсіп келеді.

Олар тұрақтылық пен лайық табыс іздейді. Ал жастардың саяси белсенділігі төмен – университеттерде саяси санаға орын жоқ, дейді сарапшы.

Оның айтуынша, экономикалық күйзеліс күшейсе, бұл буын да белсендірек бола бастайды.

Экономикалық тұрақсыздық, табыс теңсіздігі мен сенім дағдарысы – қазіргі қазақстандық қоғамның негізгі үш мәселесі. Сарапшының айтуынша, бұл факторлар ел ішіндегі әлеуметтік көңіл күй мен болашаққа сенім деңгейін айқындап отыр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *