Жалған риэлторлар бас бостандығынан айырылды
Сурет: Ашық дереккөзден
Астана қаласының прокуратурасы бірнеше рет алаяқтық жасады деп айыпталған елорданың екі тұрғынына қатысты мемлекеттік айыптауды қолдады, деп хабарлайды janabastau.kz.
Алаяқтар «Отбасы банкінде» ипотекалық қарызды тиімді шарттармен ресімдеу мүмкіндігі туралы жәбірленушілерді жаңылыстырғаны анықталды.
«Мысалы, алаяқтар жәбірленушілердің біріне «Отбасы банк» АҚ-ға бастапқы жарна ретінде енгізу үшін 8 млн теңгеден астам сомаға несие ресімдеуді ұсынған. Сонымен қатар, несие ипотекалық қарызбен бірге қайта қаржыландырылатыны туралы жалған мәліметтер хабарлаған», – делінген хабарламада.
Кінәлі тұлғалар өз әрекеттерінің жалған заңдылығын көрсету мақсатында дара кәсіпкерлік ашып, кеңсе бөлмесін жалға алуы 27 жәбірленушінің ақшасын алдап, иемденуге мүмкіндік бергенін сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы дәлелдеді.
Келтірілген шығын 30 млн теңгеден асты.
Сот үкімімен кінәлілердің әрқайсысы 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, үкім заңды күшіне енді.
Материалдық залал сотталғандардан өндірілді.
Қала прокуратурасы елорда тұрғындары мен қонақтарын мұқият болуға, ұсынылатын қызметтердің дұрыстығына көз жеткізуге, жалған байланыстар мен таныстар сылтауымен тиімді мәмілелер ұсынатын адамдарға сенбеуді ескертеді, себебі бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.
Пікірлер (0)