Қосшы қаласы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды
Фотосурет
Қосшы қаласы әкімдігінде кадрлық өзгеріс болды. Қала әкімінің өкімімен Нұрсұлтан Нүркенұлы Мұхаметқалиев Қосшы қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі
Жаңа тағайындау Қосшы қаласының басқару құрылымындағы кезекті кадрлық өзгеріспен тұспа-тұс келіп отыр. Нұрсұлтан Мұхаметқалиев бұған дейін қала әкімінің аппаратында жауапты қызметтер атқарып, жергілікті атқарушы органның ішкі жұмыс жүйесі мен қаланың өзекті мәселелеріне тікелей араласқан. Соңғы қызметі – Қосшы қаласы әкімі аппаратының басшысы. Енді ол әкім орынбасары ретінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, басқару үдерістеріне және өзіне жүктелетін салалық бағыттарға жауапты болады.
Бұл қызметті бұған дейін Берген Жұмкейұлы атқарған. Ол 2021 жылдың тамызынан бастап Қосшы қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болып, 2026 жылғы 8 қазанда Ақмола облысының Астрахан ауданының әкімі болып тағайындалды.
Нұрсұлтан Мұхаметқалиев 1993 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша, ҚР ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтын «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ «Синергия» университетінде құқықтану ғылымының магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2016 жылы құқық қорғау саласында бастаған. Әр жылдары Астана қаласының Полиция департаментінде, экономикалық тергеу органдарында және жеке секторда түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.
2025 жылдан бастап Қосшы қаласы әкімінің аппаратында еңбек етіп, аумақтық-инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы, кейін қала әкімі аппаратының басшысы лауазымдарын атқарған.
Осылайша, қала әкімдігінің жұмысын іштен білетін Нұрсұлтан Мұхаметқалиев енді Қосшы қаласы әкімінің орынбасары ретінде жаңа міндеттерге кіріседі.
Пікірлер (0)