Заң мен тәртіп: Қазақстанда жүргізушілерге қойылатын талаптар күшейтілді
Фотосурет: дереккөз
2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» заңына енгізілген бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Жаңашылдықтар ең алдымен жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Мемлекет басшысы айқындаған
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында енгізілген өзгерістер жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруды және жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыруды көздейді. Енгізілген негізгі өзгерістердің бірі – 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілердің екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтуі.
Медициналық тексеруден өткені туралы ақпарат Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері арасында автоматты түрде алмасады. Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік құралын басқаруға қарсы медициналық көрсетілімдердің жоқтығы расталмаса, оның көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады.
Бұл талап тек 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілерге қатысты қолданылады. Сонымен қатар заңнамада жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілердің білімін қайта тексеру тетігі енгізілді. Заңда белгіленген жағдайларда олар теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберіледі.
Мұндай құқық бұзушылықтарға жол қиылысында авариялық жағдай туғызу, жылдамдықты бірнеше рет асыру, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу жатады. Егер жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік құралын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады. Тағы бір маңызды өзгеріс – мас күйінде көлік басқарғаны үшін жауапкершіліктің күшеюі. Енді алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқаруға байланысты қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылған жағдайда да, құқық бұзушы сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал жүргізуші куәлігі жоқ азаматтар сегіз жыл бойы оны ала алмайды. Мамандардың айтуынша, қабылданған өзгерістердің негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының санын азайту, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және қоғамда заң талаптарын мүлтіксіз сақтау мәдениетін қалыптастыру.
Ішкі істер министрлігі барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Ал заң талаптарына сәйкес міндетті медициналық тексеруден өтуі тиіс азаматтарға оны уақытылы өткізу қажеттігі ескертіледі. Заң мен тәртіп – қауіпсіз жолдың басты кепілі. Әрбір жүргізушінің жауапкершілігі өз өмірі мен өзгенің өмірін қорғаудан басталады.
Пікірлер (0)