Желідегі қорған
Фото: Ашық дереккөзден
Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде балалардың құқықтары мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ауқымды реформалар қолға алынды. Соның ішінде, Үкімет қаулысымен бекітіліп, іске қосылған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы еліміздегі 7 миллионға жуық баланың құқығын қорғаудың негізгі стратегиялық құжатына айналды. 1,3 триллион теңге бюджет қарастырылған бес жылдық бағдарламаның ең өзекті бағыттарының бірі - балаларды цифрлық ортадағы қауіп-қатерлерден қорғау және олардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бірақ, мемлекет қорғайды екен демей ата-ана сізде балаңыздың ұялы құрылғысын қадағалағаныңыз абзал. Стратегиялық құжаттағы ақпараттар ауқымды.
Жаңа тұжырымдама аясында балалардың психологиясына, денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін контенттерге қарсы мемлекеттік бақылау тетіктері жаңа деңгейге көтерілді. Осы уақытқа дейін интернет платформаларында кәмелетке толмағандарға теріс әсер ететін, кибербуллинг немесе заңсыз сипаттағы 7 мыңнан астам интернет-ресурс пен сілтемелер ресми түрде бұғатталды. Ендігі кезекте желідегі заңсыз немесе зиянды мазмұндағы ақпаратты уақытылы жоймаған онлайн платформалар мен сайт иелеріне заң жүзінде жауапкершілік күшейтілді. Сонымен қатар, биыл тамыз айынан бастап күшіне енген жаңа ережелерге сәйкес, білім беру саласындағы барлық цифрлық нысандар мен ұлттық мәліметтер базасы тек Қазақстан аумағындағы серверлерде сақталуы тиіс. Бұл қадам миллиондаған оқушылар мен ата-аналардың жеке деректерінің сыртқа кетпеуін және кибершабуылдардан қорғалуын толықтай кепілдендіреді.
Құжаттың басты ерекшелігі- баланы интернеттен толық шектеп тастау емес, оны желіні қауіпсіз әрі тиімді пайдалануға үйрету. Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігі мектеп пәндерінің мазмұнына маңызды өзгерістер енгізді. Ендігі кезекте оқу бағдарламаларына цифрлық қауіпсіздік, мәліметтер анализі және жасанды интеллект құралдарын жауапты қолдану бойынша ондаған жаңа оқу мақсаттары кірістірілді. Сондай-ақ мектептерде «Кіші жастан бастап киберқауіпсіздік» және «Жеке қауіпсіздік» бағытында арнайы сабақтар өткізіліп, балаларға интернет-алаяқтық пен кибербуллингтің алдын алу жолдары түсіндірілуде. Бұл балалардың ақпараттық сауаттылығын арттырып, виртуалды ортадағы манипуляцияларға төтеп беру дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі.
Ақпараттық қауіпсіздік тек мемлекеттің ғана емес, отбасының да тікелей жауапкершілігі. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында ата-аналардың киберсауаттылығын көтеру шаралары да қамтылған. Бүгінде ел көлемінде жұмыс істейтін 130-дан астам отбасын қолдау орталықтарында жауапты ата-ана болу және баланың интернеттегі әрекетін қауіпсіз бақылау бойынша тегін кеңестер берілуде. Тіпті білім беру платформаларына кіру кезіндегі көпфакторлы аутентификация жүйесін 16 жасқа толмаған балалар үшін тек ата-анасының келісімімен ғана өшіру немесе реттеу мүмкүнкіндігі заңнамалық түрде бекітілді. Сала мамандары ата-аналарды баланың бос уақытын ғана емес, оның виртуалды ортада кіммен араласып, қандай парақшаларды қарайтынын тұрақты назарда ұстауға шақырады.
Қазақстанның бала құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру бағытындағы бұл қадамдары халықаралық сарапшылар тарапынан да жоғары бағаланып отыр. Мәселен, ЮНИСЕФ мамандары еліміздегі бұл реформаларды Орталық Азия мемлекеттері үшін үлгі ретінде атап өтті. Сонымен қатар, беделді жаһандық Kids Rights Index рейтингінде Қазақстан әлемдегі балалар құқықтары ең үздік қоргған 25 елдің қатарына берік еніп, 24-орынды иеленді. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз Швейцария, Канада және Ұлыбритания сияқты бірқатар дамыған мемлекеттерді артқа тастады. Тұжырымдаманың түпкілікті жоспары бойынша, 2030 жылға қарай кәмелетке толмағандардың жалпы құқықтық қорғалу деңгейін 97 пайызға жеткізу және балалардың әл-ауқаты индексін айтарлықтай көтеру көзделген. Ақпараттық қауіпсіздікті күшейту арқылы мемлекет әрбір қазақстандық баланың цифрлық әлемде де, шынайы өмірде де еш қауіпсіз, еркін дамуына жағдай жасамақ.
Пікірлер (0)