Жаңа тарихи кезең: нақты міндеттер мен ортақ жауапкершілік
Фото
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің стратегиялық даму бағытын айқындайтын маңызды құжат болды. Президент алдағы кезеңде экономикалық әлеуетті нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың әл-ауқатын арттыру басты басымдықтар болып қала беретінін атап өтті.
Жолдаудың негізгі өзегіне айналған бастамалардың бірі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. Оның аясында 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бұл қаражат әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалмақ. Ал 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау ұсынысы өңірлердің дамуына жаңа серпін беруге бағытталған.
Инфрақұрылымды дамыту – әсіресе халық саны өсіп келе жатқан қалалар үшін аса маңызды. Жаңа мектептер мен медициналық мекемелер салу, жолдарды жаңарту, инженерлік желілердің мүмкіндігін кеңейту және тұрғын үй құрылысын жандандыру халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Жолдаудағы міндеттер Қосшы қаласының даму басымдықтарымен де үндеседі.
Президент экономиканы әртараптандыру мен отандық кәсіпкерлікті қолдауға да ерекше назар аударды. Шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейту және жаңа жұмыс орындарын ашу тұрақты экономикалық өсудің маңызды шарттары ретінде белгіленді.
Сонымен қатар цифрлық экономика мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Мемлекеттік басқару жүйесіне заманауи технологияларды енгізу, цифрлық қызметтердің сапасын арттыру және еңбек өнімділігін көтеру – елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын факторлар.
Әлеуметтік бағытта халықтың табысын арттыруға қатысты нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру көзделген. Бұл өзгеріс шамамен 1,8 миллион азаматтың табысына оң әсерін тигізуге тиіс. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіру, балаларға қолайлы орта қалыптастыру да маңызды міндеттердің қатарында.
Жолдауда заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыру мәселелері де қамтылды. «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамның тұрақтылығы мен дамуының маңызды негізі ретінде айқындалды.
Президент Жолдауы – тек мемлекеттік органдарға арналған тапсырмалар жиынтығы емес, бүкіл қоғамның алдағы даму бағытын көрсететін маңызды бағдар. Онда белгіленген міндеттердің орындалуы әр саланың жүйелі жұмысына, мемлекеттік шешімдердің тиімділігіне және азаматтардың белсенділігіне байланысты.
Бүгінгі басты міндет – белгіленген бастамаларды нақты нәтижеге айналдыру. Өйткені ел дамуының шынайы көрсеткіші – жаңа нысандардың салынуы ғана емес, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы, әр азаматтың мүмкіндіктерінің кеңеюі және болашаққа деген сенімінің артуы.
Пікірлер (0)