«Жеті ата – жеті апа»: зерттеуші қазақ шежіресіне әйелдерді енгізуді ұсынды
Фотосурет: ашық дереккөзден
Қазақстанда әйелдерді де шежіреге енгізу ұсынылды. Tengrinews.kz тілшісі шежірешімен сөйлесіп, бұл идеяның астарында не жатқанын, неліктен ол маңызды болуы мүмкін екенін және неге қазақтар әйелдің жеті тегін білуге тиіс екенін сұраған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Шежіреші, зерттеуші және Wikipedia-ның қазақша нұсқасының әкімшісі Қайыр Рысбаевтың пікірінше, қыз балаларды да шежіреге қосу – қазақтың антропонимиялық (есімдер жүйесіндегі) байлығын сақтау жолы. Оның айтуынша, тек ерлердің атын жазу әділетсіздікке жақын және аналық текті тану құқығын шектеу болып саналады.

Қыздарға ат қою туралы дереккөз аз. Көбіне бірдей есімдер қайталанады. Ұлдарға арналған сирек тарихи есімдерді шежіреден немесе белгілі тұлғалар туралы кітаптардан табуға болады. Ал әйел есімдерін табу әлдеқайда қиын, – дейді зерттеуші.
Қазақ халқы – бай генеалогиялық дәстүрге ие этностардың бірі. Ол рулық жүйе мен патриархалдық құрылымға негізделген. Қазақтар Алтын Орда ыдырағаннан кейін түрлі түркі және моңғол тайпаларынан қалыптасқан. Көптеген ру өз тегін дәл сол дәуірден бастайды.
Шежіренің басты мақсатының бірі – жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасын сақтау. Дәстүрлі түрде ол тек ер адамдарды қамтиды және төмен бағыттағы генеалогия түрінде жасалады.

Бұрын жеті ата ғана жазылған, себебі ол заманда бүгінгідей генеалогиялық бағдарламалар болмаған. Генеалогия екіге бөлінеді: жоғары бағыттағы (ата-бабалар) және төмен бағыттағы (ұрпақтар). Бізде негізінен төмен бағыттағысы кең тараған. Егер жоғары бағытта жеті ата мен жеті әже жазылса, оны есте сақтау қиын болар еді. Сондықтан бұрын тек ер текті алған, – деп отыр Қайыр Рысбаев.
Қазіргі заманда ақпаратты сақтау оңай. Сондықтан зерттеуші бүгінде адамның барлық ата-тегін электронды түрде жинап, сақтауға мүмкіндік бар дейді.

Бұрын шежірелер ауызша айтылатын. Егер ол кезде әйелдер де ескерілсе, бәрін есте сақтау қиын болар еді. Ал қазір бәрін түпнұсқадай етіп цифрда сақтауға болады. Қазір көп жастардың ата-әжелері бар, сондықтан көптеген шежірелік мәлімет жинауға болады. Бұл ДНҚ зерттеулерінде де қажет. Y-хромосома әкеден ұлға өтеді, ал митохондриялық ДНҚ аналар арқылы беріледі. Егер жеті әже ескерілсе, ДНҚ талдауын салыстырып, терең зерттеу жасауға мүмкіндік туар еді, – деген пікірде ол.
Қазір көпшілік өздерінің ата-әжесін біледі. Егер тереңірек үңілсе, олардың ата-анасын, яғни арғы аталары мен әжелерін де анықтауға болады.
Мысалы, ана – бірінші буын, анасының анасы – екінші буын. Осылайша төрт-бес буынға дейін білуге болады.

Кей әжелер барлық бағыттағы әже-шежіресін біледі, ал білмеген жағдайда архивтерден іздеуге болады. Көп мәліметті ата-баба қорымдарындағы құлпытастардан табуға болады. Егер олар ескі немесе жоқ болса, олар туралы білетін адамдар бар кезде тас белгі қалдырған дұрыс, – дейді Қайыр Рысбаев.
Оның айтуынша, адамның 2 ата-анасы, 4 ата-әжесі, 8 арғы атасы мен әжесі бар, одан әрі олардың саны 16-ға дейін артады. Бірақ бұл шексіз көбеймейді, себебі кей ата-бабалар ортақ болуы мүмкін. Мұны «ата-тектің қысқаруы» (редукция предков) деп атайды.

Қазақ халқының қалыптасқанына бар болғаны 500-700 жыл толды. «Жеті әже» деген ұғымды бұрын кездестірмедім, бірақ заман талабына сай оны енгізуге болады деп ойлаймын. Көп адам бұған қарсы шығуы мүмкін, бірақ қоғам дамыған сайын талап та өзгереді. Шежірені тек патриархалды түрде жүргізудің мәні бар ма? Қазақта «Алып анадан туады», «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген сөздер бар. Кейбір рулардың тегі қыздардан тарайтыны да белгілі, – дейді зерттеуші.
Сондай-ақ ол шежіре кітаптарын құрастыру ісіне көбіне ер адамдар қатысатынын айтады.

Егер бұл іске әйелдер де тартылса, олар да өз үлесін қосып, мәліметтер жинауға атсалысар еді. Сонда шежіре кітаптарының таралымы да артады. Себебі өз аты жазылған кітаптарға әйелдер де қызығушылық танытар еді. Кей әйелдер шежіре мен «жеті атаны» ерлердің ісі деп ойлайды. Ал іс жүзінде олардың ғұмыры ерлерден 8-9 жыл ұзақ, демек ұрпаққа мәлімет жеткізу мүмкіндігі де жоғары. Сондықтан әйелдерге де шежіреге қызығушылық таныту маңызды, – дейді Қайыр Рысбаев.
Айта кетсек, кейбір халықта шежіре тек аналық бағытта жүргізілген, ал иудаизм дәстүрінде бұл тәсіл әлі күнге дейін сақталған.
Пікірлер (0)