Жер мәселесіне қатысты кез келген сұрақ ел назарында

Редакция таңдауы
view 502
news

Жер мәселесі – халықтың ең жанды жері. Сол себепті де ел жанды жеріне тиетін кез келген сұраққа сергек қарайды. Жақында әлеуметтік желіде «Қытай сайттарында қазақтың жері арзан бағамен ашық саудаға салынып жатыр» деген жазба пайда болды. Бұл хабарламаны естіген жұрт наразылық білдіріп, құзырлы органнан ресми жауап беруін талап еткен еді. Ерлан Мазан есімді желі қолданушысы Facebook-тегі парақшасында Қытайдың жерді жалға беретін сайты «Жер кодексі арқылы шетелдіктерге жалға берілмейтін болып шешілген ауылшаруашылық мақсатындағы қазақтың жері арзан бағамен ашық саудаға салынып жатыр» деп жазып, сөзіне дәлел ретінде сайттағы бірнеше жарнаманың фотосын жариялады. «Бұл барып тұрған бассыздық!» деген автордың жазбасы расымен де қоғамда үлкен наразылық тудырды. Осы жазбадан кейін желіде анық-қанығы белгісіз бірнеше ақпарат бірінен кейін бірі жарияланды. Бірі «Яндексте, өзге навигатор карталарда қытайша мекенжайлар пайда болыпты» десе, енді бірі «Қытайдың тағы бір үлкен арнайы сайтында Қазақстанда 105 миллион гектар жер сатуға беріледі деп жарияланған» деп отқа май құйғандай өршіте түсті. Бірі «Бұл билікке қарсы жасалған арандату» екенін ескерткен, тағы бірі «Бұл деректер Қытай сайтында жарияланса, демек, ақпарат рас» дегенді алға тартса, төртіншілері «Ақпарат расталса, Отанды сату бабымен қылмыстық іс қозғалу керек» екенін ескертті. «Қытай сайттарында жарияланса, бұл хабарламалардың бір көздегені бар. Олардың мақсаттары не?» деген күдікке толы сұрақтарын қойғандар да бар. Қытайтанушы блогердің өзі бұл деректерді әлеуметтік желіге әдейі салғанын, сол арқылы құзырлы орган­дар­дың осы ақпараттың анық-қанығын тексеріп-тергеу қажеттігін ескерткенін айтады. Оның мәлімдеуінше, сілтемесі келті­рілген Қытай сайты – ашық дерек­көз бойынша жер жалдауға делдалдық қыз­мет көрсететін салалық портал. Порталдың иесі де бар, Тулю тобы. Портал мекенжайы: https://www.tuliu.com/. Ал сайттың қазақстандық секторының сілтемесі: https://kazakhstan.tuliu.com/. Желі қолданушылардың күдік пен күмәнға толы сауалдарына Ауыл шаруа­шылығы министрлігі бірден жауап берді. Жер комитетінің төрағасы – Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов жарияланған ақпаратта жер учаскелерінің деректерін қамтитын кадастрлық нөмірі немесе жер учаскелері Қазақстан аумағында екендігін дәлелдейтін ешқандай мәлімет жоқ екенін айтып, әлеуметтік желіде жарияланған Қытай елінің сайтындағы Қазақстан аумағындағы жерлердің сатылатындығы туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. Жер кодексінің 24-бабының талаптарына сәйкес, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшік немесе жер пайдалану құқығын иелене алмайды. Яғни ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн шетелдіктерге беруге қатаң тыйым салынған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына жекеменшікке және жер пайдалану құқығымен беруге жол берілмейді. Бұл заң талабы да Жер кодексінде анық көрсетілген. Сонымен қатар еліміздің Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы «Кодекстің 38-бабының 5-тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалану құқығымен тиесiлi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн кейiнгi жер пайдалануға (субарендаға) беруге жол берiлмейдi» деп түсініктеме берген. Ол сондай-ақ кез келген субъектілер тарапынан аталған заң нормаларын бұзу деректері анықталған жағдайда заңсыздыққа жол берген субъектілер заң талаптарына сәйкес жауапқа тартылады және бұл мәселе министрліктің тұрақты бақылауында екенін ескертеді. Құзырлы орган өкілі кейбір елдерде мәні мен мазмұны бойынша әртүрлі хабарландырулар жарияланатынын айта келіп, бұл хабарландырулардың біздің елге қатысы жоқ екенін алға тартады. «Елімізде шетелдік азаматтарға жерді сатуға және жалға беруге және қосалқы жалға беруге қатаң тыйым салынады» делінген түсініктемеде. Қытайдың бір емес екі бірдей сайтындағы қазақ жерінің саудасына қатысты сұрақты біз Парламент депутаттарына да қойған едік. Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Сұлтан Дүйсембинов жер мәселесіне қатысты кез келген сұрақ ел назарында тұратынын, ешқашан өзектілігін жоймайтынын жасырмады. «Жер кодексінде» жерді пайдалану құқығы мен режімі, түрлері мен субъектілері тайға таңба басқандай жазылған. Заңға сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері шетелдіктерге берілмейді. Тіпті елімізде шетелдік азаматпен отау құрған отандасымыз да жер пай­дала­ну құқығынан айырылған. Қытай сайтындағы жер сатуға қатысты хабарландырудың қайдан, не мақсатпен жарияланғанын нақты білмеймін. Бірақ бір нәрсе анық. Бізде жерге қатысты кез келген сұрақ жіті қаралады, бірнеше құзырлы органның сүзгісінен өтеді. Мәселен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі жалға берілсе, ол міндетті түрде Әділет министрлігінде тіркелуі қажет. Бұл үдерістің де өзіндік міндеттері бар. Елімізде бұған қатысты арнайы заң бар, талап бар. Кез келген мәселеде ең бірінші заңға сүйену қажет», деді сенатор. Ал осыдан бір апта бұрын «Amanat» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы Алматы облысының ауыл тұрғындарымен кездесіп, жайылым тапшылығы мәселесін талқылаған еді. Кездесу барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жердің тозуы, дизель отынының қымбатшылығы, мемлекеттік субсидиялардың жетіспеушілігі мәселелерін көтерді. Қытаймен шекаралас жатқан Райымбек ауданының тұрғындарын толғандырған тағы бір түйінді мәселе бар. Ол – шекара маңындағы ауыл шаруашылығы жерлерін ресімдеу. «Көп адам 90 жылдары ҚХР-мен мемлекеттік шекара белгіленбей тұрып жер алып, оған өмір бойы мұрагерлік құқығына ие болды. Қазір оны заңдастыру мүмкін болмай отыр. Жер кодексінің 24-бабына сәйкес, шекара маңында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер жеке меншікке және пайдалануға берілмейді. Тіпті әкімдік қаулысының негізінде уақытша жер пайдалануға толық құқығы ресімделген тұлғаларға да шекара маңы аймағындағы жерге мемлекеттік акті берілмейді. Соған байланысты шаруалар ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялар мен өзге де мемлекеттік көмекке өтінім беру мүмкіндігінен айырылды. Бұл мәселені «Жер аманаты» комиссия­сы қарастырады», деді «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібектің айтуынша, биыл 1 қаңтардан бері Алматы облысында 44,6 мың гектар жер қайтарылған. «Әр учаске мақсатына сай пайдаланылуға тиіс. «Жер аманаты» комиссиясының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының жайылымға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету», дейді ол. Комиссия мүшелері жыл басынан бері Райымбек ауданында 17 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын атап өтті. Сондай-ақ тағы 18 мың гектарды қай­тару бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Жер мәселесі, Алаш зиялылары айтқандай, «Қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі». Бұл оның қарапайым халық үшін қаншалықты құнды, маңызды екенін көрсетеді. Естеріңізде болса, жер тағдырына қатысты халық наразылығы 2016 жылы анық сезілді. Осы наразылықтың нәтижесінде қабылданған мораторийге байланысты шетелдіктерге ауылшаруашылық жерлерін ұзақ мерзімге жалға алуға мүмкіндік беретін норма (10 жыл орнына 25 жыл) тоқтатылды. Шетелдіктерге ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді сату былай тұрсын, кез келген жалға алуға мүлдем тыйым салынады – олар шетелдік азаматтарға да, құрылтайшылар арасында шетелдік азаматтар бар кез келген заңды тұлғаларға да жалға бере алмайды немесе сата алмайды. Бұл – әлемдегі кез келген елдегі ең қатаң стандарттың бірі. Бірақ күн сайын емес, сәт са­йын сан мың ақпарат жаңарып отыратын әлеуметтік желідегі расөтірігі анықталмаған жоғарыдағыдай мәліметтер елдің ең жанды жеріне тиетіні тағы рас. Ақ-қарасы ажыратылмаған ақпаратты ұрандатып, іліп әкететіндер тағы бар. Бір нәрсе анық: алақандай жер болса да, шетелдіктерге сатылмайды және жалға да берілмейді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *