Зорлық-зомбылық – зордың ісі

Жаңалықтар
view 150

Қатарластарының тарапынан қысым көретін балалар қатары жыл санап артып келеді. Бұл – алаңдайтын жайт. Оның алдын алуда не маңызды, ата-ана нені ескеруі керек екендігін білу мақсатында біз маманның пікірін сұрадық. Қосшы қаласы, Бизнес академия «Дара» мектеп-лицейінің педагог-психологы, он төрт жылдан бері психология саласында біршама еңбек еткен маман Айзада Асылбекова балалар мен жасөспірімдер арасындағы зорлықзомбылық, буллинг тақырыбын барынша ашық жеткізуге тарысты. –Айзада Жолшыбекқызы, балалар арасындағы буллинг, қысым көрсетудің алдын алуда не маңызды? Тәрбие бастауы болар ата-ана мен ұстаздар қауымы нені ескеруі керек? – Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл жасөспірімдер арасындағы буллинг қаупін айтарлықтай арттырады және агрессия мен зорлық-зомбылықтың артуына, сондай-ақ балалардың оқу үлгерімінің төмендеуіне, эмоционалды және невротикалық мәселелерге алып келуі мүмкін. Шын мәнісінде буллинг мәселесі бұрынғы уақытта да болған. Мысалы, балаларды қорқытып ақша талап ету, кемсіту, ұрып-соғу сияқты жағдайлар. Бірақ қазіргі уақытта ақпараттық технологиялардың жетілген заманында оның түрлері көбейіп, өзектілігі арта түсуде. Яғни ұялы телефон мен компьютерде отырып-ақ басқа адамды қорлауға, эмоционалды тұрғыда зәбір көрсетуге мүмкіндік көп деп айтуымызға болады. Кез келген мектеп өз білім алушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында буллинг жағдайының алдын-алу үшін арнайы жоспармен жұмыс жасайды. Біздің мектебімізде де осы жағдайдың алдын алу мақсатында психологиялық қызмет тарапынан міндетті түрде жоспар жасалынады. Сол жоспар негізінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымен бірлесе отырып балалармен жыл көлемінде үздіксіз жұмыс жүргізіліп отырады. Мектептегі буллингтің алдын алуда ең алдымен сыныптағы оқушылар арасындағы достықты, жанашырлықты, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру маңызды. Оқушылардың бойында эмпатияның болуы маңызды рөл ойнайды дер едім. – Ал өзара достықты нығайтып, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда баламен қалай жұмыс істеу керек? – Баланың негізгі тәрбиесі отбасында қалыптасатындығы бәрімізге белгілі. Бірақ өкінішке қарай, қазіргі таңда ата-аналардың жұмысбастылығына, балаларға қажетті уақыттың бөлінбеуіне, соның салдарынан оқушылардың ұялы телефонға тәуелді болуынан көптеген қиындықтар туындап отыр. Негізгі буллингтің көп бөлігі сол ұялы телефондағы әлеуметтік желілер арқылы таралуда. Балалардың бойындағы қатыгездіктің, теріс тәрбиенің белгілерінің көбі ұялы телефондағы ойындардан туындап отыр. Баланың әлі толық қалыптасып бітпеген психикасына сол атыс-шабыс ойындары көп әсер етуде. Соның салдарынан балалардың адамдарға, бір-біріне деген жанашырлық, адамгершілік қасиеттері дұрыс қалыптаса алмайды. Кейде өз ойын толық жеткізе алмайтын бастауыш сынып оқушысымен проективті әдіс арқылы жұмыс жүргізгенде, кішкентай баланың салған суретінен көптеген агрессия белгілерін көруге болады. Әрі қарай баламен жеке жұмыс жасау барысында ұялы телефондағы ойындардан, басқа да әлеуметтік сайттардан, айнала қоршаған ортадан алған тәрбиесінің әсерінен туындап отырған жағдай екеніне көз жеткіземіз. Қазіргі таңда балалар уақытының көп бөлігін мектепте өткізетіндіктен, бірізділік бойынша жұмыс жасау арқылы ғана баламен жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.   – Осы бағытта мектепте өткізіліп жүрген іс-шаралармен таныстыра аласыз ба?   – Мұғалім – оқушы – ата-ана бірізділігін сақтау арқылы мектепте психологиялық қызмет тарапынан сыныптың ұйымшылдығын, оқушылардың адамгершілік қасиеттерін, сезімталдығын, өзара эмпатияны дамытуға бағытталған тренингтер, сыныптан тыс іс-шаралар, қойылымдар жүргізіледі. Ондағы негізгі мақсат оқушылардың бойындағы адамгершілік қасиеттерін дамыту, сыныптағы достықты, ұйымшылдықты нығайту. Қазіргі таңда балаларға буллинг туралы тек ақпарат беріп қана қоймай, оның түрлерін ажырата білуге, қиын жағдайдан қалай шығуға болатындығына байланысты толық ақпарат беру мақсатында көптеген түрлендірілген іс-шаралар жүргізіледі. Сондай іс-шаралардың біріне тоқталып кететін болсам, біздің мектебіміздің өзін-өзі басқару ұйымы оқушылармен бірге буллинг түрлеріне байланысты қойылым өткізілді. Нәтижесінде, оқушылар өздеріне таныс буллинг түрлерін бірден байқап, кері байланыс кезінде өз бастарынан өткен жағдайлармен бөлісіп, өзінің жалғыз емес екендігін, бұл жағдайдың кез келген адамның басында болатындығына көз жеткізді. Өз тәжірибелерімен бөлісу арқылы қиын жағдайдан шығу жолдарымен танысты. Қандай жағдайда буллингтен сақтануға болатындығын, ол үшін өзінің жеке қасиеттерін, өз-өзіне сенімділігін дамытудың қажеттілігін меңгерді. Тағы бір ескеретін жағдай жоғарғы сынып оқушыларына қарағанда, 5-7 сынып оқушылары өз тәжірибелерімен бөлісуде еркін әрекет жасай алатындығын байқауға болады. Яғни жасы ұлғайған сайын кейбір балалар бұл тақырыпта өз тәжірибелерімен бөлісудің қажеттілігі жоқ деп есептейді. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде баллардың буллингтің шын мәнінде не екендігін, жай досымен қалжыңдасудың өзі кейде буллингке алып келетіндігін, сондықтан да адамның жеке басына қатысты пікір айтуда барынша сақ болудың қажет екендігін түсінді.   – Анонимді түрде сізден кеңес сұрайтын, қысым көрген балалар бар ма? – Жоғарыда айтылған іс-шаралардан бөлек психологиялық алдын алу жұмысы ретінде оқушылар арасында анонимді сауалнамалар жүргізіліп тұрады. Нәтижесінде, қиындыққа тап болған оқушыларға топтық және жеке кеңес беру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытқа дейін қатты қудалауға, буллингке түскен оқушылар жоқ. Бірақ көп жағдайда оқушылар арасында бір-бірімен қалжыңдасу арқылы өзара түсініспеушіліктер туындап, соңында буллингке алып келетін жағдайлар болып тұрады. Бұл көбіне оқушылардың жеке мінез-құлық ерекшеліктеріне де тікелей байланысты. Сонымен қатар 5-6 жыл бұрынғы мектептегі психологтың кеңес беру жұмысын қазіргі уақытпен салыстыратын болсақ, әлдеқайда алға қарай жылжығандығын көруге болады. Ол кездері өз еркімен мектеп психологының кеңесіне жүгінетін балалар жоқтың қасы болатын. Қазіргі таңда балалар мектеп психологына еркін жүгіне алады, өз мәселелерімен бөлісу арқылы, тіпті ата-анасына айта алмайтын сырларын психологқа сеніп айта алады. Яғни мектеп психологы мен оқушы арасында сенімді қарым-қатынас орнаған деп толық айта аламын. Маған келетін әрбір бала менімен еркін сөйлесе алады, кез келген жағдайда телефон арқылы да өздеріне қажетті ақпаратпен бөлісіп, кері байланыс алады. Мен оқушылармен осындай сенімді қарым-қатынас орната алғаным үшін қуанамын. Сол арқылы мен әр баланың қандай жағдайда жүргенін, көңіл-күйін бақылауда ұстай аламын. Бұл маған мектеп психологы ретінде кез келген төтенше жағдайдың алдын алуға көп көмегін тигізеді. – Сөз соңында ата-аналарға айтар кеңесіңіз бар ма? – Баланың жанашыры, сенім артып, арқа сүйері, қорғаны атаанасы. Буллинг мәселесі біздің қоғамымызда бұрын да болған, әлі де жалғасын тауып келе жатыр. Өкінішке қарай, қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы буллинг тақырыбының маңыздылығы арта түсуде. Мұның алдын алу үшін, ата-ана мектеп, қоғам бірлесе отырып жұмыс жасау қажет деп ойлаймын. Отбасында балаларға қажетті көңіл бөлініп, адамгершілік тәрбиесінің маңыздылығын арттыру қажет. Ата-ана баламен шынайы достыққа негізделген қарым-қатынас құра білуі керек. Бала қиындыққа тап болғанда еш күмәнсіз, еркін ата-анасына жүгіне алатындай болуы керек. Сонда ғана кез келген келеңсіз жағдайдың алдын алып, балаларға дер кезінде көмектесуге мүмкіндік туындайды. – Маңызды, мәнді әңгімеңіз үшін рақмет! Ісіңіз берекелі болсын! Сұхбаттасқан Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *