«Жүрегіміздің бесігінде әлдилейміз»: Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлын сағынышпен еске алды

Жаңалықтар
view 55
news

Фотосурет: Әлеуметтік желіден

Танымал ақын Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлын еске алып, жантебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.

Ақын әлеуметтік желідегі парақшасында осыдан жиырма жыл бұрын дүниеге келген, өмірден ерте озған ұлы Әлиханды еске алып, сағынышын жеткізді.

«Бүгін марқұм Әлихан батырым ортамызда болса жиырма жасқа толар еді. Осыдан тура жиырма жыл бұрын Ерейментауда өтетін республикалық айтысқа дайындалып жатқанда өмірге келіп еді. Жүрсін аға бастаған бүкіл ақындар қуана құттықтағаны есімде. Сахнада қарсыласым, Сыр елінің сүлейі Кенжебай Жүсіпов аға бүкіл елге жариялап, сүйінші сұраған. Айтыстан соң Серік Қалиев ағам екеуіміз Аманжол Алтай ағамның Бас жүлдеге алған “Волгасына” мініп алып, әлі нөмірі алынбаған көлікпен үш күн тойлатып едік. Бүгін сол сәулелі сәттер еске түсіп отыр. Көзді-ашып жұмғанша жиырма жыл зу етіп өте шығыпты»,– деді ақын.

Айтуынша, баласының өлең жазатын да қабілеті болған. Ақындық қабілетінің барын ұлы қайтыс болғаннан соң білген. Ақын баласының естеліктері есіне түссе өзегін өкініш өртеп, жарының да өзін қоярға жер таппай қиналатынын айтты.

«Әлиханымды жоғалтқаныма да төртінші жылдың жүзі болыпты. Қазір өзі қалаған Германияның техникалық университеттерінің бірінде үшінші курстың студенті болып жүрер ме еді? Әттең, амал қанша?! Өте зерек, ақылды бала болды. Кез келген дүниеге байыппен қарайтын. Мінезі де сабырлы, салмақты еді. Өз ортасында достарын күлдіріп жүретін әзілқойлығы да бар болатын. Кітапты өте көп оқитын еді. Техника саласына олжа салар ғалым болатын шығар деп үміттеніп жүрген едім. Қалыптасқан ақындығы бар екенін қайтыс болған соң ғана білдім. Өлең жазатынын менен жасырып жүріпті. Оның бәрін еске алсақ өзегіміз өртенеді. Әсіресе, анасына өте ауыр болады екен. Әлі күнге дейін анасы Айнұрдың жиі-жиі түсіне кіреді. Сағынышы оянғанда өзін қоярға жер таппайды. Ана ғой енді…»,– деді Серікзат Дүйсенғазы.

Ақын Әлиханның қазасынан кейін ізбасар ұл дүниеге келіп, көңілдеріне жұбаныш болғанын жасырмады. Сондай-ақ ақын ұлының есімін ұлықтауға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

 «Мейірбан Алла біздің көз жасымызды көрді. Орнына орынбасар берді. Қазір соның тәтті қылығымен, былдырлаған тілімен алданып, іштегі күйігімізді басамыз. Әлиханның туған күнінде жыл сайын аға досым, меценат Рақымғали Абрарұлы сыйлықтарын жіберіп, арнайы құттықтап тұратын еді. Қайтыс болған соң да көп қолдау жасады. Кәсіпкер Қанат Сәнік пен ақын Серік Қалиев ағаларым “Зейнолла Сәнік” атындағы мәдениет қоры арқылы “Әлиханның арманы” деген шығармалар мен естеліктер жинағын шығаруға жәрдем берді. Режиссер Мұрат Есжан бауырым түсірген осы аттас деректі фильм “Хабар” арнасының архивінде сақтаулы. Е, айналайын Әлиханым-ай! Сені біз бұл өмірден өткенше жүрегіміздің бесігінде әлдилейміз. О дүниеде өзіңнің соңыңнан кеткен әжең саяңда тербетсін. Жатқан жерің жарық болсын, жарығым… Жәйің жәннаттың төрі болсын!»,– деп жазды ол.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *