Жүрсін Ерман Қазақстанның Халық жазушысы атанды
Фотосурет ашық дереккөзден
Бүгін Алматы қаласында ақын , журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманның 75 жылдық тойын атап өтіп жатыр, деп хабарлады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Осынау мерейлі күннің қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Қазақстанның Халық жазушысы» атағына ие болды. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы жазды.
Бұл атақты осыған дейін Төлен Әбдік (2023), Смағұл Елубай (2023), Бексұлтан Нұржекеұлы (2023), Софы Сматаев (2023), Ахметжан Аширов (2023), Любовь Шашкова (2023), Темірхан Медетбек (2024), Валерий Михайлов (2024), Исраил Сапарбай (2024), Марфуға Айтхожина (2025), Ғаббас Қабышов (2025) алған болатын.
Жүрсін Молдашұлы Ерман Ұлытау өлкесінде дүниеге келген. Ақынның шығармашылық жолындағы «Жанартау» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1983 жылы басылып шықты. Оның қаламынан туған өлеңдер, поэмалар мен балладалар негізінен адам болмысын, тұлғаның ішкі жан дүниесін және рухани құндылықтар мәселесін қозғайды. Жүрсін Ерман қазақ халқының байырғы мұрасы, ақындар айтысын қайта түлетуге, бұл өнер түрін теледидар және радио эфирлері арқылы кеңінен насихаттауға елеулі үлес қосты.
Көпжылдық еңбегі үшін ол Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлығымен екі мәрте марапатталған. Сонымен қатар Халықаралық қазақ тілі қоғамының мүшесі және Ұлытау ауданының Құрметті азаматы атағының иегері атанған.
Пікірлер (0)