Абу-Дабидің тақ мұрагері «Ақордаға» келді
Ақорда
«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Абу Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның бұл сапары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретініне назар аударды.
Президенттің айтуынша, Әмірліктер еліміздің ең басты серіктестерінің бірі. Қос мемлекеттің мақсат-мүдделері бір-бірімен сәйкес келеді. 2023 жылы екі ел үкіметтері Стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Кездесуде Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіретіні жөнінде айтылды. Былтыр БАӘ-ның елімізге құйған инвестиция көлемі екі есеге артып, рекордтық көрсеткішке жетті.
Мемлекет басшысы аталған сапар аясында құны 5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылатынын құптады. Оларды жүзеге асыру қос ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты айтарлықтай ілгерілетіп, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.
Абу Дабидің тақ мұрагері көрсетілген қонақжайлық үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар табиғаты көркем, халқы жайсаң елімізге ерекше қуанышпен келетінін жеткізді.
Пікірлер (0)