"Қызым күнде күйеуге шық дейді": 70-ке толған Майра Ілиясова жеке өмірі туралы
Сурет: Ашық дереккөзден
Қазақстанның Халық әртісі Майра Ілиясова жеке өмірі туралы сыр шертті, деп хабарлайды janabastau.kz.
Әнші Динара Сәтжанға берген сұхбатында бұрынғы күйеуімен ажырасқан уақытта қызы психологиялық травма алмас үшін қандай қадамдарға барғанын бүкпесіз баяндады.
«Әпкемнің қызына сенің құрбыларың бар ма деп ақырын айттым. Екі құрбым бар деді. Сол әпкемнің қызы құрбысымен менің бұрынғы күйеуімді таныстырды. Бірақ ол екі жыл көнбей қойды. Оған «мен өнерден кете алмаймын, саған қасыңда отыратын, тамағыңды істейтін, кіріңді жауатын, ұл туып беретін қыз керек» дедім. Қазір 13 жасар ұлдары бар, бақытты тұрады. Екі отбасы болып еркін араласамыз, қарым-қатынастарымыз керемет, өте татумыз, бір-бірімізге қонаққа барамыз. Қызым біздің айырылысқанымызды білген де жоқ, күйзеліске де түспеді. Қызым үшін солай жасадым. Бақытжан да қиналған жоқ, жақсы жар тауып алды. Үнемі араласып жүрдік, қазір бәріміз өз орнымызды таптық. Өзімізше бақыттымыз. Менің жолдасым менің мамандағымды жақсы түсінді. Мінезі жақсы болды. Сол үшін де сыйлаймын және өміріне ат салысып, жақсы әйел алып, бақытты болғанына қуанамын. Қазір қызы, ұлы бар. Одан бақытты адам жоқ. Бұдан біз не жоғалттық? Кейбіреулер таң қалады. Осы Майра апай күйеуіне қыз іздеп, әйел алып берді. Күйеулерімізді бұзатын болды деп ойлайтын да шығар. Бірақ қызымның психологиялық травма алмасы үшін мен солай жасадым», — дейді ол.
Майра Ілиясова ажырасқаннан кейін өзіне көңіл білдірген ер азаматтардың көп болғанын да жасырмады.
«Күйеуіммен өнер үшін ажырастым. Одан кейін маған лайықты, менің көңілімдегідей жігіт кездеспеді. Әрине, келіп, жақсы көретіндерін айтып, шығарып салатындар болды. Мүлде ешкім қарамады деп айтпаймын. Көңіл білдірген жігіттер өте көп болды. Бірақ, олармен қарым-қатынас болған жоқ. Мен ондайды ойлаған жоқпын. Міндетті түрде жігіт табамын, тұрмыс құрамын деп тұрмысқа шығып кеткен құрбыларым болды. Бірақ мен соны ойламадым. Қазір өкінбеймін. Бірақ қызым кейінгі кезде ренжіп жүр. «Күйеуге шық, кейде жалғыз жүресің. Түнде сен үйге кіргенше мен ұйықтамаймын. Адаммен таныссайшы» деп айтады. Мен бұрынырақта осы жігіт жақсы деп, өзімде де ұнату сезімдері болған кезде қызым ұнатпай, қабағы түсіп кететін. Қызымның көңіліне қарайтынмын. Қазір күнде күйеуге шық деп айтады. Қазақта осы жаста күйеуге шығу ұят қой», — дейді ол.
Айта кету керек, Қазақстанның Халық әртісі Майра Ілиясова 3 мамыр күні 70 жасқа толды.
Пікірлер (0)