АЭС құрылысына қарсы шыққан белсенділер 5 жылға түрмеге кетуі мүмкін
Сурет: Vlast.kz
Прокурор АЭС құрылысына қарсы шыққан белсенділерді 5 жылға соттауды сұрады, деп хабарлайды Janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында АЭС құрылысына қарсылық танытқан белсенділер ісі бойынша сот жарыссөзі басталды.
Мемлекеттік айыптаушы Нұрлан Жәулібаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мүбәрәковты ҚР ҚК-нің 272-бабы 1-бөлігі және 24-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысына 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
«Мемлекеттік маңызы бар іс-шараны өткізуге кедергі келтіру – азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеу болып табылады», – деді прокурор.
Айыптаушы сонымен қатар белсенділердің тергеу изоляторында өткізген әр күнін жазаның бір жарым күні ретінде есептеуді ұсынды.
Айыптау мен қорғау пікірлері қайшы
Полицияның нұсқасында, белсенділер жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруды жоспарлаған, ал сараптамада олардың әңгімелерінен митингке шақыру, ақша жинау және билікке қарсы үндеу анықталған.
Алайда сотта тәуелсіз сарапшы Абай Қайыржанов бұл тұжырыммен келіспей, белсенділердің мұндай әрекетке бармағанын айтты.
Адвокаттың мәлімдемесі
Қорғаушы Берліқожаев сот жүйесіне сенімсіздігін білдіріп:
«Құрметті сот, бізде ақтау үкімі шықпайтыны белгілі ғой. Сондықтан, тым болмаса істі қосымша тергеуге қайтаруыңызды сұраймын. Сол жерде оны қысқартуға мүмкіндік болар еді», – деді.
Осыдан кейін сот залында отырғандар дуылдата қол шапалақтады.
Пікірлер (0)