Әйелдің жамбасын сындырған 83 жастағы Амантай қажы ақталып шықты

Жаңалықтар
view 131
news

Фотосурет: kaz.nur.kz

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында 83 жастағы Амантай қажыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол қаладағы спорт кешендерінің бірінде әйелді баспалдақтан итеріп жібергені үшін айыпталған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Еске сала кетсек, шілде айында әлеуметтік желілерде белгілі қоғам қайраткері әрі антиядролық қозғалыс белсендісі, «Аттан, Қазақстан!» ұйымының жетекшісі Амантай қажының бір әйелді баспалдақтан итеріп жіберген сәт түсірілген видео тараған болатын. Сондағы ақпаратқа сенсек, әйел құлағаннан кейін жамбас сүйегін сындырып алған.

Алғашында тергеу ісі ҚР ҚК-нің 107-бабы («Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру») бойынша жүргізілді. Алайда 23 қыркүйекте сотта айыптау ісі ҚР ҚК-нің 114-бабының 3-бөлігіне («Абайсызда ауыр зиян келтіру») қайта сараланғаны белгілі болды.

Ол бапта мынадай жаза көзделген:

  • 1000 АЕК-ке дейін айыппұл;
  • 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
  • бас бостандығын шектеу немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Сот онлайн өтіп, істі судья Ернар Қасымбеков қарады. Алайда жәбірленуші сот процесіне қатысқан жоқ. Судьяның айтуынша, ол істі медиативтік келісім бойынша тоқтатуға өтініш берген.

Жәбірленуші Амантай Асылбекке ешқандай талабы жоқ екенін хабарлады. Өтінішінде ол моральдық және материалдық шығынның өтелгенін жазған, сондай-ақ денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмайтынын мәлімдеді, – деді судья.

Бірақ төленген өтемақының көлемі жария етілмеді. Прокурор Қазыбек Асылхан, айыпталушының өзі және қорғаушысы Жанғазы Күнсеркин жәбірленушінің өтінішін қолдады.

Мен адал да таза адаммын. Кінәлі емеспін. Ешқандай қылмыс жасаған жоқпын және оны итерген де жоқпын, – деді Амантай қажы.

Кеңесу бөлмесіне кеткен судья Ернар Қасымбеков тараптардың бітімге келуі және материалдық, моральдық шығынның өтелуіне байланысты істі тоқтату туралы шешім шығарды.

Tengrinews.kz тілшісі өтемақының мөлшерін білу үшін Амантай қажының адвокатына хабарласқан.

Біз жәбірленушінің денсаулығы қалпына келді деп үміттенеміз. Асылбек мырзаның отбасы қомақты өтемақы төледі, – деп қысқа қайырыпты жауабын Жанғазы Күнсеркин.

Сондай-ақ ол істің қайта саралануын оқиғаның болған жерімен байланыстырды.

Егер бұл тегіс жерде болғанда, іс басқаша қаралар еді. Ал «Динамо» стадионында оқиға баспалдақта болды, – деп түсіндірді адвокат.

Бұған дейін Амантай қажы өз нұсқасын айтқан болатын. Ол оны «жай ғана арандату, жемқорлар мен мафияның қастандығы» деп мәлімдеп, өзінен осылайша өш алғанын айтқан еді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *