«Әкемді 9 миллион теңге қарызға батырды»: ақын Жарас Сәрсектің қызы Едіге Қожахметке талап қойды
Фотосурет скрин. Гүлім Рысқұлдың парақшасынан
Ақын Жарас Сәрсектің қызы Едіге Қожахметтен 9 миллион теңге қарызды қайтаруды талап етті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
Ақын Жарас Сәрсектің қызы Гүлім Рысқұл Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында өзін продюсер, ақын деп атайтын Едіге Қожахметке қатысты жазба жариялап, әкесінің атына рәсімделген 9 миллион теңге несие бойынша қарызды қайтаруды талап етті.
Гүлім Рысқұлдың жазбасын мазмұнын қысқартпай ұсынамыз.
«Едіге Қожахмет, қарызыңды қайтар!
Бұл жазба отбасымыздың басынан өткеріп отырған жағдайды жария ету үшін жазылып отыр.
Фотода — Едіге Қожахмет. Өзін кәсіпкер, әдеби продюсер ретінде таныстырып жүрген адам. Ғалым Құныпия Алпысбаевтың ұлы.
2025 жылдың мамыр айында Едіге Қожахмет әкеме: «Аға, жедел арада бизнесіме қажет болып тұр. Шотымда ақша бар, тек шешілмей тұр. Бір айдың ішінде шешіледі. Қайтарып беремін», — деп несие алып беруін өтінеді.
Сенімдірек болуы үшін: «Әкемді білесіз, сыйластыңыздар», — деп марқұм әкесінің абыройын алға тартады.
9 миллион аз ақша емес! Бірақ сөзіне сеніп, әкем келіседі. Екеуі екі банкке барып, әкемнің атына кредит рәсімдейді.
Едіге Қожахмет өзі уәде еткендей, бір айдың ішінде қарызын қайтармайды. Тіпті ай сайынғы төлемдерді де төлемейді.
Нәтижесінде бір жыл бойы банк әкемнің жалақысынан ай сайын 200 мың теңгеден ұстап отырды.
Ал биыл, 2026 жылдың басынан бері әкем жұмыссыз қалды. Өздеріңіз білетіндей, «Үркер» журналы жабылды. Тіпті былтыр жұмыс істесе де, айлық алмағанын түсініп тұрсыздар ғой?! Шоттары бұғатталғалы да 7–8 ай болды.
Үйдегі бауырларыма, анама обал. Ақылы бөлімде оқитын сіңілім бар. Оның да оқуын төлеу керек. Қазір үйдегі негізгі салмақ анам мен ініме түсіп отыр. Астанада жүріп, ата-анамның осындай жағдайға түскенін көру маған да ауыр.
Енді таң қалатыным — жиіркенетінім деуге де болады — қарызынан құтылудың орнына, Едіге Қожахмет телеарналарға бизнесмен, продюсер ретінде руханият, жасампаздық жайлы сұхбат беріп жүр.
Әдемі болып жүргің келеді, әдемі сөйлегің келеді екен, ісің соған сай болсын!
Осы уақытқа дейін үндемей күттік. Қарызын қайтарады деп үміттендік. Үміт үзілді, сенімге сызат түсті.
«Қарызы бар адам өтірік айтады, өтірік айтатын адам Отанын сатады» деген... Бұл да ештеңеден қорықпайды екен.
Әкемнің сенімін аяққа таптады, былтырдан бері анамның қолынан ас ішіп, қаншама уақыттан бері өтірік айтумен келді. «Әкеммен сыйлас едіңіз» деп, қарапайым қаламгерді банкке қарызға кіргізіп кеткен.
Әкем оның сөзіне, әкесімен болған сыйластығына сенді. Сол сенімнің салдарынан қазір өзі банк алдында қарыз болып отыр.
Осындағы барлық зиялы қауымның алдында Едіге Қожахметтен барлық қарызын қайтаруды талап етемін!
Осы жағдайдан хабардар болып, бізге қолдау білдіріп, жазбаны бөліссеңіздер деймін.
P.S. Сотқа бердік. Бірақ Едіге Қожахмет тарапынан қарызды өтеу бойынша әлі нақты әрекет жоқ. Төменде бір жарым жыл бойы созбалаңға салып келгені туралы дәлел — скриндер», — деп жазды Гүлім Рысқұл.
Автор жазбасына тараптар арасындағы хат алмасулардың скриншоттарын да тіркегенін мәлімдеді.

Редакция ескертпесі: Материалда келтірілген қарыз, несие және тараптардың әрекеттеріне қатысты мәліметтер мен бағалаулар Гүлім Рысқұлдың әлеуметтік желідегі жария жазбасына негізделген. Редакция жазбадағы айыптауларды өз тұжырымы ретінде ұсынбайды. Едіге Қожахметке осы мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіруге және жауап беруге мүмкіндік беруге дайынбыз. Тараптың пікірі редакцияға түскен жағдайда қосымша жарияланады.
Пікірлер (0)