Актриса Меруерт Өтекешева Алагөзованың қолындағы «Қыз Жібектің қамзолы» түпнұсқа екенін айтты
Коллаж: Ulysmedia.kz
«Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешева қоғамда қызу талқыланып жатқан камзолдың түпнұсқа екенін растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасаған JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Баян Алагөзова «Қыз Жібектің қамзолына» қатысты дауға жауап берді
Журналист Гүлбану Әбенованың жазуынша, ол актрисамен тікелей сөйлескен. Әңгіме барысында Меруерт Өтекешева продюсер Баян Алагөзованың қолындағы камзолдың түпнұсқа екенін растаған. Сондай-ақ ол кеңес дәуірінде түсірілімге пайдаланылған көптеген костюмдер мен реквизиттердің уақыт өте түрлі адамдардың қолына өтіп кеткенін атап өткен.
Актрисаның сөзінше, музей қорында сақталған бір ғана нұсқа бар, алайда оның да күтімі көңіл көншітпейді. Ал көпшіліктің талқысына түскен камзол ұзақ жылдар бойы жеке үйде сақталған көрінеді.
Меруерт Өтекешева камзолдың нақты қай жерде сақталуы керек деген сұраққа нақты жауап беруден бас тартқан. Оның айтуынша, бұл мәселенің шамадан тыс талқылануы өзіне ұнамайды. Сонымен қатар, актриса назар алдымен өзі туралы айтылуы тиіс екенін жеткізген. Ол «Қыз Жібек» фильмінде ойнаған актерлердің ішінде көзі тірі қалған жалғыз адам екенін де атап өткен.
Айта кетейік, биыл ақпан айында Меруерт Өтекешева 75 жасқа толды.

Журналист Гүлбану Әбенова бұл жағдайға байланысты Мәдениет министрлігі араласып, ел ішінде шашырап кеткен фильм реквизиттері мен костюмдерін жинақтау жұмыстарын жүргізуі қажет деген пікір білдірді.
Пікірлер (0)