Алаш зиялылары өзге ұлт өкілдеріне үйленген: тарихшы Майя Бекбаеваның бағдарламасын сынады
Сурет: Ашық дереккөзден
Қазақстандық журналист Майя Бекбаева әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбасында Алаш қозғалысының өкілдері мен олардың отбасылық таңдауларына қатысты пікір білдіріп, қоғамның назарын өзіне аударды. Оның айтуынша, Алаш арыстарының кейбірі орыс әйелдермен үйленуін «сол кездегі қазақ әйелдерінің бәсекеге қабілетсіздігімен» байланыстырған. Бұл мәселені тарихшы Мұхтар Түменбай көтерді, деп хабарлайды janabastau.kz Todayinfo-ке сілтеме жасап.
«Алаш қозғалысы – қазақ ұлт-азаттық тарихындағы маңызды кезең. Оның өкілдері – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және басқалар — ұлттың болашағы үшін күрескен қайраткерлер. Олардың жеке өмірі, соның ішінде отбасы құру мәселелері тарихи және әлеуметтік тұрғыдан зерттеуді қажет етеді. Алайда, бұл тақырыпты көтеру кезінде ұлттық сезім мен мәдени құндылықтарды ескерудің маңызы зор.Журналист мәлімдемесіне қатысты сын айтушылар оның сөзін «қазақ әйелінің қадірін түсіру» деп бағалап, наразылықтарын білдірді. Қоғам белсенділері мен желі қолданушылары қазақ халқының тарихындағы ұлы аналарды – Құртқа, Домалақ ана, Бопай ханым және басқа да әйел тұлғаларды мысалға келтіріп, қазақ әйелінің ешқашан бәсекеге қабілетсіз болмағанын айтты», — деді тарихшы.
Сын пікірлер арасында аралас некенің ұлттың тілі мен мәдениетіне әсері туралы да айтылды.
Майя Бекбаева өз жауабында қазақ әйелінің тек отбасылық рөлімен ғана шектелмейтінін, оның елдің дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті. Ол қазақ әйелінің еркіндікке, тең құқыққа, құрметке лайық екенін жеткізді. Сынға қарамастан, ол өзінің ұстанымынан таймай, қыз-келіншектерге қолдау білдіруді жалғастыратынын айтты.
Журналист сондай-ақ өзіне бағытталған жеке сипаттағы тіл тигізулерге жауап ретінде, сын айту мен қорлау арасындағы айырмашылықты атап өтті. Оның айтуынша, пікір айту мәдениеті — өркениетті қоғамның белгісі, ал жеке тұлғаға тіл тигізу — моральдық шекарадан шығу.
Пікірлер (0)