Ақмола облысында Жеңістің 80 жылдығына арналған 100-ден астам іс-шара өтеді

Жаңалықтар
view 49
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Ақмола облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай 100-ден астам мерекелік іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Janabastau.kz хабарлайды Ақмола облысы өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

9 мамыр күні өңірдің барлық ірі қалалары мен аудан орталықтарының орталық алаңдарында «Жеңіс батырлары» және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ақмола» атты фотокөрмелер ашылады. Көрмелерді облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Көкшетау қаласының тарихы мұражайы ұйымдастырады.

Ұлы Жеңіс құрметіне Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында «Соңғы хат» және Ақмола облыстық орыс драма театрында «Сарбаздың әкесі» атты спектакльдердің премьералары өтеді. Сондай-ақ республика көлемінде патриоттық поэзия оқудан челлендж басталады. Облыс аумағындағы ҰОС ескерткіштері мен Даңқ аллеяларында абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Ақмола облыстық филармониясы әнші Сәрсенбай Хасановтың «Жас қазақ» авторлық жобасын ұсынады. «Көкшетау» мәдениет сарайында «Ұрпаққа ұран болған – Ұлы Жеңіс» атты облыстық вокалдық байқау өтеді. Ал халық шығармашылығы орталығы «Біз Жеңістің ұрпақтарымыз!» атты патриоттық әндер байқауын өткізеді. Сонымен қатар, Әдебиет және өнер мұражайында «Майдангер ақын-жазушылар» атты көрме ашылады.

Жаңа жобалар да назардан тыс қалмайды. Буланды ауданында «Гүлденген Қазақстан» атты облыстық патриоттық ән байқауы өтсе, Степногорск қаласында «Ерлікке тағзым» атты әскери әндер конкурсы ұйымдастырылады.

Мерейтой аясындағы ерекше оқиғалардың бірі — Целиноград ауданында алғашқы халық театрының ашылуы болмақ. Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай театрда Қанат Жүнісовтің «Әлия» пьесасының премьерасы өтті. Бұл қойылым алдағы уақытта облыстың басқа аудандары мен қалаларында да сахналанатын болады.

Көкшетау, Қосшы және Степногорск қалаларының орталық алаңдарында, сондай-ақ барлық аудан орталықтарында театрландырылған қойылымдар, мерекелік концерттер мен жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *