Алатау қаласында әуе таксилері ұшатын болды
Фото: Qadam.asia
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, америкалық Joby Aero, Inc. компаниясы, Alatau Advance Air Group Ltd. және кәсіпкер Вячеслав Ким өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды. Оған сәйкес Алатау қаласында әуе такси жүйесін құру мақсатында шамамен 300 млн АҚШ долларына электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алу көзделіп отыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Министрлік мәліметі
Министрлік мәліметінше, бұл тігінен ұшып-қонатын инновациялық ұшу аппараттары Қазақстандағы алғашқы қалалық әуе мобильділігі (Urban Air Mobility) жобасының негізі болмақ. Жоба аясында сертификаттау және демонстрациялық ұшуларға арналған сынақ алаңын құру, сондай-ақ Алатау мен Алматы қалаларының көлік желісіне әуе таксиін интеграциялау жоспарланып отыр.
Қазақстан инновациялық көліктің болашағына қадам басуда. Электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алу – смарт қалалар мен заманауи технологияларды енгізу бағытындағы маңызды кезең. Бұл шара Алатау қаласын болашақтың жоғары технологиялы, бірегей қала ретінде дамытуға серпін береді, – деді Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Joby Aero, Inc. (АҚШ) – EvTOL авиация саласындағы әлемдік көшбасшы, сертификатталған электрлі әуе таксилерінің әзірлеушісі.
Вячеслав Ким – Kaspi.kz Директорлар кеңесінің төрағасы, «Алатау қаласы» жобасының инвесторы.
Alatau Advance Air Group Ltd. – Қазақстандағы әуе мобильділігі технологияларының операторы және интеграторы.
Пікірлер (0)