Әлем сын-қатерлерге дайын ба?
Фото: ЖИ
Қазір әлем халықаралық қақтығыстар, экономикалық белгісіздік, климаттық өзгерістер мен технологиялық бәсеке қатар өрбіген күрделі кезеңді бастан өткеруде. Бір аймақтағы саяси дағдарыс өзге елдердің экономикасына әсер етсе, табиғи апаттар халықаралық қауіпсіздік пен гуманитарлық мәселелерді алдыңғы қатарға шығарды.
Климаттық қауіпсіздік осы үдерістің маңызды бөлігіне айналды. 2026 жылғы қыркүйекте БҰҰ аясында өткен Климаттық саммитте мемлекеттер жасыл энергетиканы дамыту мен экологиялық міндеттемелерді орындау мәселелерін талқылады. Ал Непалдағы алапат тасқын климат өзгерісінің адам өмірі мен ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететінін көрсетті. Табиғи апат салдарынан мыңдаған адам қаза тауып, инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келді. Саяси кеңістікте де тұрақсыздық күшейіп отыр. Таяу Шығыс пен Ресей мен Украинадағы қақтығыстар халықаралық қауіпсіздікке әсер етіп қана қоймай, энергетика, азық-түлік бағасы және әлемдік саудаға қысым түсіруде. Экономикалық салада мемлекеттік қарыз, қаржылық тұрақтылық пен инвестиция тарту мәселелері өзекті болып қалуда. Сонымен қатар жасанды интеллектінің дамуы еңбек нарығы мен ақпараттық қауіпсіздікке жаңа талаптар қойып отыр. Мұндай жағдайда Қазақстан да жаһандық өзгерістерге бейімделіп, көлік-логистика, энергетика және цифрлық ынтымақтастық бағыттарын дамытуға басымдық беруде.Алайда аталған мәселелердің түп-тамыры тек экономикалық немесе экологиялық қиындықтармен шектелмейді. Олардың барлығы халықаралық тәртіп пен мемлекеттер арасындағы сенімге келіп тіреледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті», деп атап өтті. Президенттің бұл пікірі қазіргі халықаралық қатынастардағы өзекті қайшылықтарды аңғартады. Өйткені халықаралық құқық қағидаттары әлсіреген сайын қақтығыстарды реттеу, климаттық дағдарысқа қарсы күресу және ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету күрделене түседі.
Соңғы айлардағы оқиғалар әлем алдында тұрған сын-қатерлердің өзара тығыз байланысты екенін көрсетті. Ендігі міндет- дағдарыстардың салдарын жоюмен шектелмей, олардың алдын алу, халықаралық диалогты сақтау және ортақ жауапкершілікті күшейту. Қазақстан үшін де ұлттық мүддені қорғай отырып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайтын теңгерімді сыртқы саясатты жалғастыру маңызды.
Пікірлер (0)