Әлеуметтік қолдау шаралары – жас мамандарды ынталандыру құралдарының бірі ретінде

Жаңалықтар
view 52
news

Сурет: Ашық дереккөзден

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 56 бабының 12 тармағында  басшылық лауазымдарды атқаратын адамдарды қоспағанда, ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін және тұратын "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі делінген.

Осы орайда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 30.09.2020 № 72 бұйрығымен «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну қағидалары» бекітілді.

Яғни, ауылдық жерде жұмыс істеп, тұруға келген мемлекеттік қызметшілерге көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады. Жергілікті өкілді орган жыл сайын көрсетілетін қызметті алушыларға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы шешім қабылдайды.

Мысалы, Қағидаларға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес көтерме жәрдемақы 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада, ал тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау, яғни бюджеттік кредит ауданның әкімшілік орталығы болып табылатын ауылдық елді мекендерге келген мамандар үшін 2500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспайтын сомада, ал ауылдық елді мекендерге келген мамандар үшін 2000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада айқындалған.

Бұл жерде жоғарыда аталған бапқа сәйкес, қосымша әлеуметтік қолдау шараларының басшылық лауазымдарды атқаратын тұлғаларға таралмайтынын және  бұл қолдау шаралары тек мемлекеттік қызметтің E-G-3, E-G-4 санатындағы бас мамандар мен жетекші мамандарға қатысты екендігін атап өткен жөн.

Ақмола облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне сәйкес Қағидалар бекітілген уақыттан бері Ақмола облысында 54 мемлекеттік қызметшіге әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 15 мемлекеттік қызметшіге 71 388 000 теңге мөлшерінде бюджеттік кредит, 48 мемлекеттік қызметшіге 15 944 000 теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленді.

«Дипломмен ауылға!» жобасы 2009 жылы басталған. Сол уақытқа дейін әлеуметтік қолдау ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға көрсетіліп келді. Жобаның негізгі мақсаты - ауылдық елді мекендердегі кадр әлеуетін күшейту, кәсіби мамандарды тарту.

Сонымен қоса, мемлекеттік қызмет саласындағы заңмен  мемлекеттік қызметшілерді «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және өзге де заңнамада айқындалатын тәртiппен тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғынжай жағдайларын жақсартуға мұқтаж қызметшілерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру, белгіленген тәртіппен мемлекеттік денсаулық мекемелерінде медициналық қызмет көрсетуді пайдалану мүмкіндіктері көзделген.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік органның штат кестесі қысқарған, таратылған жағдайда жұмыстан шығу жәрдемақысын төлеу,  қайта ұйымдастырылған жағдайда функциялары берілген басқа мемлекеттік органнан бұрынғы атқарған лауазымымен мәні бірдей лауазым, болмаған жағдайда өзге мемлекеттік лауазым ұсыну  қарастырылған.  

Думан Әбілев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *