«Алғашқы табысымды сол жерден таптым»: Олигарх Кеңес Рақышев 10 жасында жүйрік баптағанын айтты
Фото: Forbes Kazakhstan
Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы, белгілі кәсіпкер-олигарх Кеңес Рақышев алғашқы табысын жүйрік баптап жүріп тапқанын айтты. Ол бұл туралы facebook-парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Жетпістей жүйріктің иесі атандым»
Менің жылқыға деген қызығушылығым Дегерес ауылындағы Жеңіс аға мен Әлия тәтенің атқорасынан басталды. Ол кезде Дегерес ауылында елдегі ең мықты жылқы зауыттарының бірі жұмыс істейтін.
Мектеп біткенін асыға күтіп, демалыс басталысымен жылқыларға сағынышпен асығатынмын. Балалық шағымның ең әсерлі, ең қызықты сәттері – текті жануар жылқыларғв қараумен өткенін бүгінде ерекше ықыласпен еске аламын.
Өйткені 10 мен 13 жас аралығы мен үшін еңбек пен шабытқа толы кезең болды. Сол жылдары жылқыны баптауды, мінезін тануды, төзімділікті де, жауапкершілікті де үйрендім. Ең алғашқы табысымды да дәл сол жерде таптым.
Кейін, 2001–2007 жылдар аралығында, аламан және құнан бәйгелерге қосқан жетпістей жүйріктің иесі атандым. Сол кезден бері жылқыға деген сүйіспеншілігім ешқашан бәсеңдеген емес.
Ал сіздің сүйікті жануарыңыз қандай? -деп жазды ол.

Кеңес Рақышев кім
Рақышев Кеңес Хамитұлы – қазақстандық бизнесмен, акционер. 1979 жылы 14 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келді.
Білімі:
2000 жылы – Қазақстан мемлекеттік заң академиясын (ҚазМЗУ) бітірген.
2002 жылы – Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған.
2007 жылы – Advanced Management бойынша Oxford Saïd Business School халықаралық бизнес-мектебінің дипломын, Developing Strategy for Value Creation бойынша London Business School мектебінің сертификатын алған.
Еңбек жолы:
1998-1999 жылдары – ҚР ІІМ жанындағы жол қозғалысы қауіпсіздігі Қорының кеңесшісі болды.
2000 жыл – “Тұран-Әлем Банкі” ААҚ оқу орталығының маманы болып жұмыс істеді.
2000 жыл – “ҚазТрансГаз” ЖАҚ менеджері қызметін атқарды.
2000-2002 жылдары – “Intergas Central Asia” ЖАҚ материалдық-техникалық жабдықтау департаментінің маркетинг бөлімінің маманы, бастығы болып еңбек етті.
2002 жыл – “ҚазТрансГаз” ЖАҚ ЖЭС басқармасының бастығы қызметіне тағайындалды.
2003 жылдың қаңтарынан 2003 жылдың қазанына дейін – “Қазмұнайгаз Сауда үйі” ЖШС Бас директорының экспорт жөніндегі бірінші орынбасары болды.
2003-2004 жылдары – “ҚазТрансГаз” АҚ Бас директорының Маркетинг жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
2004-2005 жылдары – “Меркурий” ЖШС Бас директоры болып еңбек етті.
2006 жылғы қарашадан бастап – “SAT & Company” Директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.
2007 жылғы қыркүйектен бастап – “SAT & Company” АҚ Басқарма төрағасы болды.
2014 жылғы 14 ақпаннан бастап – БТА Банкі Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
2015 жылдың қаңтарынан бастап – “Казкоммерцбанк” АҚ Директорлар кеңесінің мүшелігіне кірді.
2016 жылғы сәуірден бастап – “Казкоммерцбанк” АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды.
2016 жылғы мамырдан бастап – “Казкоммерц-Полис” СК Директорлар кеңесінің мүшесі болды.
2018 жылғы 29 наурызда – БТА Банкінің Директорлар кеңесінің басшысы қызметінен кетті.
Басқа да қызметтері:
2004 жылғы қазаннан бастап – ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті қызметін атқарды.
2005 жылғы наурыздан бастап – ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы одағының вице-президенті болды.
“Выборг кеме жасау зауыты” АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, “Астрахан кеме жасау зауыты” ААҚ директорлар кеңесінің мүшесі ретінде еңбек етті.
2007 жылғы қарашадан бастап – “Kazakhstan Petrochemical Industries” АҚ Директорлар кеңесінің мүшелігіне кірді.
2012 жылы — “Атамекен “Одағы” ҰЭП бизнес-қауымдастығы президиумының мүшесі болды.
2012 жылы – “Қазақстанның жас кәсіпкерлер қауымдастығы” ЗТБ Президиумының төрағасы қызметіне тағайындалды.
2013 жылы — ҚР Президенті жанындағы “Жас кеңес” жастар саясаты кеңесінің мүшесі ретінде еңбек етті.
2014 ж — “Қазақстан инжиниринг” ҰК АҚ тәуелсіз директоры болды.
Қызмет салалары: тау-кен және металлургия өнеркәсібі, қаржы, сақтандыру, IT, медиа.
Пікірлер (0)