Алла тағала әлемді мейіріммен жаратты
Редакция таңдауы
620
Ислам философиясын дұрыс түсіну ,бүгінгі күні аса маңызды мәселе, өйткені біздің елде алуан түрлі ағымдар, секталық бағыттар қаптап кетті. Олардың қай-қайсысы «өз ислам дінін» жалғыз дұрыс жол деп санайды.
Қазақтың мәдени-танымдық өмірінде діннің алар орны ерекше. Тіліміз бен діліміздің исламмен қаншалықты тамырлас екенін түсіну үшін Ахмед Яссауи, Жүсіп Баласағұни, Мәшһүр Жүсіп, Абай, Шәкәрім және басқа да ұлт ойшылдарының еңбектерін оқып-білген маңызды.
Мен Совет үкіметі заманында туып өстім. Үстемдік көзқарас – материализм. Діни ұстанымға ресми рұқсат берілмеді. Коммунистік партия бәрін атқарып, нұсқау беріп, өмірімізді жоспарлап отырды. Сол арқылы бәрімізді діни, ұлттық құндылықтардан айырып, ортақ «кеңес халқын» жасамақшы болды. Бірақ бұған діни ұстанымы беріп, өмірлік көзқарасы қалыптасқан саналы жандар іштей-сырттай қарсылық танытты.
Менің рухани ізденісім Кеңес өкіметінің ыдырауымен басталды. Оған халқымыз тәуелсіздік алғаннан кейінгі бостандық, еркіндік сезімі итермеледі. Жоғарыдағыдай ешқандай нұсқау жоқ, бағыттау жоқ, жоспарлау жоқ. Барлық іс-әрекетіміз бен ойпайымымыз еркіндік алды.
Бірте-бірте өмір сүруге қажеттінің бәрі әуел бастан-ақ маған тән екенін түсіндім. Өзім проблемаларды шеше алатыныма, қорытынды жасай алатыныма, жоспар жасай алатыныма көзім жетті. Және ізденімпаз адам болғасын, көптеген сұрақтарыма жауап іздей бастадым. Жауабын түпнұсқа қасиетті Құран-кәрім кітабынан таптым.
Құран кітабын алғашқы рет 33 жасымда қолға алдым, орыс тілінде болатын. Әдеттегідей кез келген кітап сияқты соңғы бетінен мазмұнын қарадым. Сүрелердің атын оқыдым. Корова , Паук, Слон – бұл не дегені, түк түсінбедім де, кітаптың бетін жауып орнына қоя салдым. Ал 40 жасқа келгенде қасиетті кітапты қайтадан ашып оқи бастағаннан көзімнен жас тыйылмай, тек қана «мұндағы жазылғанның бәрі шынайы шындық» деп іштей қайталай бердім, қайталай бердім. Менің адами болмысты қаз-қалпында қабылдауыма, өмір шындығын білуге ұмтылуыма ата-бабаларымның рухы көмектесті.
Дүниенің, рухани және материалдық заттардың жалғыз Жаратушысы, Тірілтушісі және Өлтірушісі – тек Ұлы Алла. Оның делдалдары жоқ және болуы да мүмкін емес. Алла жаратқан нәрселер Алладан тыс емес, олардың белгілі бір болмысы бар. Мысалы, адамның да, оның көлеңкесінің де белгілі бір болмысы бар, дегенмен болмыстың бұл екі түрі әртүрлі. Көлеңке толығымен адамға тәуелді және өзінің барлық мәнімен адамның бар екендігін білдіреді және ішінара көрсетеді. Уақытпен шектелген адамға Алланың шексіздігін ақылмен толық түсіну мүмкін емес.
Алла Тағала әлемді сипаттар мен есімдерінің нұры арқылы жаратты. Яғни болмыстың негізі – Нұр. Нұрдан түрлі күштер пайда болды, күштен материя пайда болды. Жаратушы болмысының бірегейлігі барлық заттардың негізгі болып табылады.
Адам – Алланың негізгі жаратылысы, онда бүкіл ғаламның бар мағынасы жинақталған. Адам Алланың жердегі “орынбасары”, оның қолбасшы “халифы ”. Барлық заттар, материя-
ның барлық көріністері, жаратылған Нұрға тән өзгерістер – бұның бәрі адам бойында бар. Адам 10 элементтен тұрады, оның бесеуі материалдық субстанция әлеміне қатысты, себеп-салдар әлеміне қатысты, бесеуі трансценлент әлемін білдіреді (Нұр әлемі).
Алғашқы бес элемент заттың қатты, сұйық және газ тәрізді күйлерін, және де отпен жанды білдіреді. Қалған бесеуі – жүрек (“қалб”), рух (“рух”), құпия (“сырр”), терең сана (“хафи”) және де ішкі сана (“ахфа”). Адам осылайша, жоғары кемелдік дәрежесінде жаратылған материалдық және рухани қоспа болып табылады. Адам микроәлемге , әлем макрокосмосқа айналады. Бұл Құранның 95 сүресі 4-5 аяттың мағыналарының бірі : “Расында адамзатты көркем бейнеде жараттық ” (4). “ Сосын оны төмендердің төменіне қайтардық ”(5).
Адамның жарқын элементтері оны жақсылыққа қамқорлыққа тартады, ал материалдылық элементтер адамның жануар деңгейіне, тіпті одан да төмен түсініне әкелуі мүмкін. “Жарық ” пен “ материя ” – осы екі әлемі арасында күрес бар . Егер де адам өзіне тән нұрдың рухани күшін пайдалуға мүкіндік таба алмаса, онда зұлым күштердің дәнекері шайтанның тамаша құралы ретінде қызмет ететін материя адамды болмыстың ең төменгі деңгейіне түсіреді. Бұл ретінде Құран Кәрімнің Ағфар сүресінде ( 179-аятында) былай дейді: “Рас, тозақ үшін де көптеген жындарды, адамдарды жараттық ”. Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Көздері бар, онымен көрмейді. Және олардың құлақтары бар , ол арқылы естімейді. Олар хайуан тәрізді , тіпті одан әрі адасуда. Міне, солар мүлде кеперсіздер ( 179-аят).
Қожа Ахмедтің философиясы қыпшақ диалектісінде түсіндірілген. Яссауи классикалық исламның сырына дендей ене отырып, Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) өсиеттерін өзінің жеке өмір сүру үлгісімен де жан-жақты көрсетуге тырысқан. Сол арқылы ислам діні мен түркілік әдеп-дәстүрдің бір-біріне қайшы келмейтінін айшықтап берді.
Біз бәріміз мұсылманның 5 парызын жақсы білеміз. Ал Қожа Ахмед сопылық құлшылық жолындағы тағы 5 қағиданы қамтиды.
1. Жұмсақ және сыпайы сөйлеу;
2. Пайғамбарға ұқсауға тырысу;
3. Жақсылық пен мейірімді тарату;
4. Жамандыққа кедергі жасау;
5. Білім ізденуде болу.
Қожа Ахмед осы қағидалардың бәрін де Құраннан алды. Мысалы, “жұмсақ , сыпайы сөйлеу” қағидасы Құранның Әли Ғимран сүресі аяттан табылады: “( Мұхаммед Ғ.С.) оларға Алланың мейірімі бойынша жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле, іс жөніңде олармен кеңес қыл. Сонда қашан қарар берсең Аллаға тәуекел ет. Негізінен Алла тәуекелшілерді жақсы көреді”(159-аят).
Білім ізденуде болу қағидасы Мұхаммед Пайғамбарымыз сөзімен қаланған. Білім алу – әрбір мұсылманның, мұсылман әйелдің парызы. Ахмед Яссауидің айтуынша, Шариғат – негізделген әлеуметті-саяси нормалардың білікті жиынтығы және құқық ғұламалары мен сопылық пікірлердің бірауыздылығы арасында келіспеушілік жоқ және болуы да мүмкін емес, бірдей діни дереккөздердің айырмашылығы қабылдау деңгейі мен тереңдігі. Шариғат шырақ сияқты. Шырақ жарық береді де жол көрсетеді. Адамзат шырақты жай қолына ұстап тұрғанмен, қалаған жеріне жете алмайды. Бірақ қолына шырақ алмай қалаған жеріне жете алмайды. Нәтижеге жету үшін адам амал жасау керек. Бұл жағдайда бір аттап, бірінші қадамнан бастау керек.
Құдайға құлшылық ету – Заң (“шариат”), бірақ Құдайдың жаратуындағы құдіреті мен өнеріне ойлану және оның өз жүрегіңде орналасқаның сезіну – ол Ақиқат. (“Хақиқат”). Аллаға деген таза және шексіз сүйіспеншілік. Махаббаттың көмегімен ғана адам Аллаға шынайы жақындыққа жете алады. Яссауи өмірін Аллаға арнаған, Жаратқан оны өмірін адамдарға арнағанын қалады.
Құран уағыздау оңай емес. Киелі кітап Құранды адамдарға олардың көпшілік мәселелерінің шешу құралы деп танытты, былайша айтқанда, илаһм риясыз көмек сүйіспеншіліктің көмегімен адами жамандықтарды түзетіп, адамдарда альтруизмды оятуға тырысты. Ойшылдың қазақ үшін жасаған зор еңбегінің бірегейлігі де осында. Даламызда ғасырлар бойы қалыптасқан гуманистік мәдениеттің (“адамгершілік”), ұқсастық пен ішкі үйлестіктің арқасында оның идеяларын халық жылы қабылдады. Сондықтан Қожа Ахмед кейбіреулердің біреудің есебінен баюын сынап, адамдарды абайсыздық пен жалқаулықтан арылуға шақырды.
Ол – патриот, махаббат принципі бойынша реттелген дүниені көргісі келеді. Ол – бүлікші, бірақ саяси емес, ол – моральдық , рухани бүлікші. Барлық түйткілдердің мәселесі шешілмейінше – ол адамның жануар, ашкөз, өзімшіл бастамасы нәпсісі альтруизм мен махаббатқа толы “рух” болмай – бірде бір мәселе шешілмейді. Яссауи адамдардың әдепсіз, принципсіз күйін кейінгі өмірде ғана емес, осы өмірде де жазалауымен байланыстырды: жүрексіздік, ар-ожданның жоғалуы, ұятсыздық, батылдық осының бәрі шынайы өмірде мағыналы болды.
Қожа Ахмед Яссауи өз еңбектерінде әрқашан мұсылмандарға кез келген басқа дін өкілдеріне төзімділік танытуды исламдағы міндеттіліктің бірі деп тұжырымдайды. Құранның Кәфирұн сүресінің 6 аятында былай деген : “Сендердің діндерің өздеріңе менің дінім өзіме тән ” де (6). Юныс сүресі 99 аятында (Мұхаммед Ғ.С.) «... егер Раббың қаласа еді, әрине жер жүзіндегілердің барлығы түгелдей иман келтірер еді» делінген. Яссауидің “Жамандыққа зорлықпен қарсы тұрмау ” қағидасындағы адамдардан кемшілік іздеуден бас тарту, өз өзін қатал сынауға идеясы Шәкәрімнің, Абайдың, Толстойдың әйгілі шығармаларда көрініс тапты. Яссауи дүниені Алланың көркем жаратылысы деп таныды. Зұлымдыққа , әділетсіздікке апаратын нәрсе – ең алдымен адамдардың жауыздығы мен екі жүзділігі. Аллаға деген сүйіспеншілік қана адамды хайуандық болмыстың жағымсыз жақтарынан құтқара алады. Әлемді сүйіспеншілік пен нәзіктікпен , мейірімділікпен және сабырмен жаратқан Жаратушыға “еліктеу” керек.
Сабыр – шындықты тану бақытына жақындататын жолдағы басты аялдамалардың бірі. Менің оқушы кезімде орыс тілді мектептерде “Қазақстан тарихы” пәні жоқ еді. Ясауи туралы тек есту арқылы ғана білгенмін. Энциклопедиядан оқып, мен оның жолы Құдайға деген сүйіспеншілік жолы екенін білдім. Сол сүйіспеншілік оны Жаратушының ең кемел жаратылысы – Мұхаммед Пайғамбарға ғашық етті. 63 жасқа толған Яссауи өзіне жер астынан ұяшық салып, онда қайтыс болғанша ғибадатпен және рухани өзін-өзі жетілдірумен айналысады. Мұның бір себебі – Яссауидің Мұхаммед Пайғамбарға деген берік ілтипаты. “ Пайғамбарымыздың өзі 63 жасқа келіп жер астына түскенде, мен жер бетінде жүруге ұяламын ”, дейді сопы өзі.
Мен философ, сопы, ұлтымыздың ұлы ойшылы Яссауи өмір сүріп, қызмет еткен жерде, Түркістанда болуды армандадым. Ол жерге 2001 жылы бардым. Бұл сапар жанымда өшпес із қалдырды, рухани дамуға деген талпынысыма серпін берді. Мұхаммед Пайғамбарға деген Яссауидің шексіз махаббаты маған бір айтарға сөз таба алмайтын күшті әсер етті. Оның нәтижесі өлең жолдары болып шықты.
Алла тарапынан адамзатқа, он сегіз мың ғаламның барлығына ұстаздыққа жіберілген әлемнің аяулысы, құрметтісі қайырымды Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с)
Адамдар діннен қалас қалмасқа,
Түгелдей қараңғылықта болмасқа.
Әділет пен мәдениеттен алыстап,
Тағылық тұнғиыққа батып тұншықпасқа
Жіберілген әлемнің аяулысы құрметтісі қамқорлыққа.
Аспанымыз ашылды қаптаған қалың мұнардан,
Жер беті де арылды түнерген түнек – тұманнан,
Адамзаты құтылып дүние ауыр зұлманнан,
Бөленеді айрықша мөлдір нұрлы шапаққа.
Ислам нұрын әлемде түн-түнектен сақтаушы,
Игілікпен бақытқа пейіш кілтін ұстатты.
Тағдыр қысып заман-ай деп зарлағанда,
Шындық іздеп, күйгелектеп адасқанда,
Жолымды нұсқар Құран Кәрімнің сәулесі
Сен бастаған шынайы шындық жол ашты.
Жүрек толы. Саған деген махаббат...
Айтарға сөз таптырмайды көңілім.
Алладан сұрар бүгін бір-ақ тілек:
«Тура жолдан тайдырмай
Жарылқашы, өмірімде жетелеші».
Ислам діні ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың бүкіл әлеуметтік, саяси және мәдени өмірін реттеп отырды және дінге сүйене отырып адамзат баласы терең философиялық, ғылыми ойдың інжу-маржандарын туғызды.
Ислам, Құран адамдарға ғаламға деген көзқарастың және оны түсінудің жалпы принциптерін берді. Сол арқылы адамдар жансыз материализмнің тізбегіне түсіп кетпей, жалаң эмоцияларға берілмей, өмір сүруді үйренді. Мұндай тұлғалар – айналасындағылардың сүйіспеншілігі мен құрметіне лайық ұлы гуманистер, құрушылар, альтруисттер. Идеалды философия (және Құранды Алланың сөзі деп санаймыз) әр нәрсені түсіндірудің тамаша тәсілін беруге тырысты. “Сондай-ақ саған әр нәрсені ашықтайтын және мұсылман үшін тура жол – игілікті қуаныш түрінде құранды түсірдік”(Нахыс сүресі 89 аят).
Алма Мырзағазықызы, қоғам белсендісі
«Jańa Bastau» газетінен алынды
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Редакция таңдауы
Астанада әйелдің басына лифтінің плиткасы құлап, миы шайқалды
Пікірлер (0)