Қосшы кеші көрікті
Редакция таңдауы
138
Астана Қазақстанның елордасы болып атанғанына 25 жыл толуына орай Қосшы қаласында Qosshy promenade тақырыбымен концерт өткізілді.
Қаланың мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен шарада заманауи ән де, дәстүрлі ән де орындалды. Көрермен ықыласына бөленген қала жұлдыздары келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Ашық аспан астында өткізілген шараның форматы туралы Қосшы мәдениет үйінің өкілі Аяна Абай:
«Бүгінгі шарада қаламыздың жастары өнер көрсететін болады. Мұндай жаңа заман талабына сай еркін форматтағы кештерді барынша жиі ұйымдастырып жүрміз. Талантты жастарды көпшілікке таныстыру бағытында атқарып жатқан жұмыстарымыздың бірі – осы жоба. Мерекелік шара көпшілікке ұнап жатқан сияқты», деді.
Ән кешін тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың. Астана қаласының қалай құрылып, қалай дамығанына куәгер болған Жұмағайша Айболқызы: «Елордамыз дами берсін, өркендеп алдыңғы қатардан көрінсін тек. Кеше ғана еді, Астана атанып жатқаны, әне-міне дегенше 25 жыл өтіп кетіпті. Құтты болсын!» деп ізгі тілегін арнады.
Ал Қосшы қаласының тұрғыны Еркін Сәрсенбаев: «Немеремді серуендетуге шыққан едім. Күтпеген жерден концертке келіп, мерекелік ерекше қуанышқа бөленіп жатырмыз. Астана күні құтты болсын! Жақсы жаңалықтар көп болса екен!» деп мұндай шаралар жиі өтсе екен деген ұсынысын айтып қалды.
Шарада Перизат Тұрарованың жетекшілігіндегі «Sauran club» шығармашылық орталығының жас орындаушылары – Бақтияр Естияр, Әбдібек Айару, Майлан Абдурахман, Серік Нұрай орындаған дәстүрлі ән көпшіліктің көңілінен шықты. Өнерпаздар халық әндерін келушілер бірге қосылып шырқап, көрермендерді есті әндерді еске алғандай, шат-шадыман күйге бөленді. Дильназ Ертаева орындаған «Астана» әні, Кенесары Мизамов, Бекарыстың шырқаған «Байқа» әні, Парасаттың «Отан» әні ашық аспан астында жиылған жұртқа тамаша қуаныш сыйлады. Ал Ерболат Қуанбек ерекше мақамда орындаған «Қазақстан» әнімен көрермен көзайымына айналды.
Қосшы қаласының аспанын әдемі әнге бөлеген ерекше шара әлі де жалғасын табары сөзсіз. Мұндай еркін, бейресми шара үлкен сұраныста. Бұған дәлел– концерт біткен соң да жұртшылық тарағысы келмей, тағы да ән сұрап жатқаны. Мерекелік шара өз деңгейінде, жоғары сапада өтті деуге толық негіз бар.
Қорыта айтқанда, Астананың 25 жылдығына арналған мәдени шара Қосшы қаласында кеңінен аталып өтті. Бұл күні шаһар аспанында әуелеткен ән қалқып, күмбірлеген күй ойнап, көпшілік көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Гүлназ БИСЕН
«Jańa Bastau» газетінен алынды
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Редакция таңдауы
Астанада әйелдің басына лифтінің плиткасы құлап, миы шайқалды
Пікірлер (0)