Алматы әуежайында кепілге алу оқиғасы: үш қылмыстық іс қозғалды
Әуежай. Көрнекі фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған ер адамға қатысты үш қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ІІМ хабарлады, деп жазады JANABASTAU. KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қолына пышақ ұстаған ер адам әуежай қызметкерін кепілге алып, рюкзагында "бомба" бар деп жолаушыларды қорқытқан. Аталған факт бойынша үш қылмыстық іс қозғалды:
Кепілге алу (ҚР ҚК-нің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) - мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі) - 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚР ҚК-нің 273-бабы) - 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Оқиғаның мән-жайын тексеру үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Зардап шеккендер жоқ. Сот шешімімен күдіктіге қатысты екі айға қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Сонымен қатар Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың тапсырмасымен елдегі әуежайлар мен вокзалдардағы қауіпсіздік жүйесі тексеріліп жатыр.
Ведомство хабарлауынша, қазіргі таңда осал тұстарды анықтау, қауіптің алдын алу, бақылауды күшейту, әрекет ету алгоритмін жетілдіру, күзет қызметкерлерін оқыту, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды нығайту басты назарда.
ІІМ жағдай толық бақылауда екенін, болашақта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін барлық қажетті шаралар қабылданатынын атап өтті.
Пікірлер (0)