Алматы облысында газ жарылысы: төрт адам зардап шекті
Фото: ашық дереккөз
Алматы облысының Іле ауданына қарасты Екпінді ауылында жеке тұрғын үйде газ жарылып, төрт адам зардап шекті. Оқиға 17 сәуір күні таңғы сағат 05:30 шамасында болған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Азаттық-тың жазуынша, үй иесі Самат Жайылханов жарылыс болған сәтте үй ішінде әйелі мен үш баласы болғанын айтқан. Екі бала ұйықтап жатқан. Таңертең ұлын колледжге апару үшін оятқан ол, дәретханаға кірген кезде қатты жарылыс болғанын айтады.
Ұлым жарықты жаққан сәтте жарылыс болды. Дәретханадан жүгіріп шығып, үйдің астында қалған әйелім мен балаларымды алып шықтым. Көршілер көмектесті. Қазір екеуі ауруханада, қалған екеуін басқа емдеу орнына апара жатырмын, – дейді ол.
Оның сөзінше, үйдегі газ плитасында ақау болмаған. Болжам бойынша, жарылысқа жер астындағы газ құбырының тозуы себеп болуы мүмкін. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда жер астынан газ шыққаны байқалады. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Газ қызметі мұны мойындамай отыр, – дейді үй иесі.
Көршілердің айтуынша, жарылыс өте күшті болған. Соның салдарынан алты бөлмелі үй толықтай қирап қалған.
Газ үйдің ішіне жиналып, кейін жарылған сияқты. Қазір оқиға орнына әкімдік өкілдері мен тиісті қызмет мамандары келіп жатыр, – дейді ауыл тұрғындарының бірі.
Қазіргі уақытта облыстық төтенше жағдайлар департаменті ресми түсініктеме бермеді. Жергілікті әкімдік те әзірге жағдайға қатысты мәлімдеме жасамаған.
Белгілі болғандай, отбасында төрт бала бар. Қазір олардың үшеуі анасымен бірге ауруханада жатыр. Жарылыстан кейін отбасы баспанасыз қалған.
Пікірлер (0)