Алматы — Қостанай бағытында жаңа «Тальго» пойызы жүреді
Фото: "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі
Биыл 16 желтоқсаннан бастап № 119/120 «Алматы — Қостанай» бағытындағы жаңа «Тальго» пойызы жүре бастайды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мекеме мәліметіне сәйкес жаңа пойыз жұп күндері қатынайды. Құрам заманауи «Тальго» вагондарынан толық жасақталған. Бұл шешім пойыздың жүріс уақытын стандартты пойыздарға қарағанда 12 сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді.
Пойыз 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады. Бағыт Қостанай, Тобыл, Атбасар, Астана, Қарағанды және Алматы сияқты ірі қалалар арқылы өтеді. Бағытта заманауи Тальго вагондары пайдаланылады. Олар сапардың қауіпсіздігін және жол үстіндегі жайлылықты толық қамтамасыз етеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы бейімделген орындар бөлінген, билет құнына 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған. Бұл шешім елдің оңтүстік пен солтүстік өңірлер арасындағы көлік қолжетімділігін күшейтіп, қысқы маусымда жолаушылар үшін жол жүруді едәуір қолайлы етеді, — делінген хабарламада.
Билеттер bilet.railways.kz ресми сайтында және барлық теміржол вокзалдарының билет кассаларында қолжетімді. Пойыздардың нақты келу және жөнелту уақыты туралы ақпаратты https://tablo-railways.kz/ru сайтындағы онлайн-табло арқылы қарауға мүмкіндік бар.
Пікірлер (0)