Алматыда 19 қыркүйекте өтетін Backstreet Boys концертіне қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Жаңалықтар
view 30
news

Фотосурет ашық дереккөзден

Алматыда 19 қыркүйекте өтетін Backstreet Boys концерті қарсаңында Орталық стадионда арнайы жиын өтіп, қауіпсіздік пен ұйымдастыру жұмыстары пысықталды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Күздің ең ірі мәдени шарасына шамамен 27 мың көрермен жиналуы күтілуде. Қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбековтің төрағалығымен өткен жиында полиция, ТЖД, жедел жәрдем, коммуналдық қызмет өкілдері және қалалық басқармалар қатысып, санитария, логистика, техникалық жабдықтау мәселелері талқыланды.

Концерт кезінде тәртіпті сақтау үшін 2100-ден астам полиция қызметкері, 500 ұлттық гвардия әскері және 200 күзетші жұмылдырылады. Көрермендер металл іздегіш рамалар арқылы кіріп, аумақ кинологтармен алдын ала тексеріледі.

Абай даңғылы уақытша жабылып, көлік кептелісін болдырмау үшін арнайы турникеттер қойылады. Медициналық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндіру бригадалары кезекшілік етеді. Санитарлық талаптар бойынша аумақ күн сайын тазартылып, санитайзерлер орнатылады.

150 ерікті жұмыс істейді, оларға тегін тамақтану талондары беріледі. Ұйымдастырушы First Media Group өкілі Альфия Нұрғұмарова қауіпсіздік күшейтіліп, билеттерді тексерушілер саны артқанын, қосымша бейнебақылау камералары орнатылғанын атап өтті. Стадионда тегін су таратылады, фуд-корт аймағы кеңейтіледі.

Әртістер үшін арнайы грим бөлмелері бар шатырлы қалашық орнатылады. Meet & Greet өткізілмейді, алайда ресми мерч өнімдері сатылатын дүңгіршектер жұмыс істейді.

Алматы мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда жаңа деңгейге көтеріліп, «А» санатындағы концерттер өтетін алаңға айналуда.

Backstreet Boys концерті Алматы күні мерекесіне орай ұйымдастырылып отыр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *