Алматыда полиция қызметкерінің пара алып жатқан видеосы желіде тарап, үстінен іс қозғалды
Фото: Primeminister.kz
Алматыда полиция қызметкерінің шетелдік азаматқа қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қолданбағаны үшін пара алып жатқан видеосы желіге шығып кетті, деп хабарлайды Janabastau.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің мәліметінше әлеуметтік желіде шыққан жарияланым бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
“2024 жылғы 17 мамырда әлеуметтік желіде белгісіз автордың бейнежазбасы жарияланған. Онда оңтүстік астананың полиция қызметкерлеріне ақша беру фактісі жазылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет көрсетілген жарияланымға уақытылы ден қойып, шетелдік азаматқа қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қолданбағаны үшін пара алу фактісі бойынша Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді тіркеді”, – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда тергеу жұмысы жалғасып жатыр.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық тәуекелдері мен құқық бұзушылықтар тұрғысынан әлеуметтік желілерге, ақпараттық арналар мен мессенджерлерге тұрақты негізде мониторинг жүргізетінін алға тартты.
Пікірлер (0)