Алматыда тағы екі туристің мәйіті табылды

Жаңалықтар
view 128
news

Фотосурет: дереккөз

Алматы қаласының Медеу ауданында жоғалып кеткен туристерді іздеу бойынша жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Екі адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі қалалық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Алдыңғы күні жоғалған туристердің мәйіті құтқарушылар тарапынан «Локомотив» шыңы маңынан, теңіз деңгейінен шамамен 3 700 метр биіктікте табылды. Бұған дейін осы топтан тағы бір адамның қаза тапқаны анықталған болатын. Оқиға салдарынан барлығы 3 адам көз жұмған.

Хабар түскен сәттен бастап «Мыңжылқы» бөгеті ауданында жедел штаб құрылды. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Алматы қаласының ТЖД бөлімшелері, ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағы, құтқару қызметтері, полиция, Альпинизм федерациясы және еріктілер жұмылдырылды. Әуе арқылы барлау жүргізу үшін тікұшақ тартылды.

Жалпы іздестіру-құтқару жұмыстарына шамамен 80 адам, 12 техника, 4 кинологиялық есептоп және 4 ұшқышсыз ұшу аппараты қатысты. Жұмыстар күрделі биік таулы жағдайда жүргізілді және төмен температура, сирек ауа, қар көшкіні қаупі мен жер бедерінің күрделілігі авиацияны қолдануды шектеп, іздеу топтарының қозғалысын баяулатты.

Құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарын, металл іздегіштерді, іздеу зондтарын және шанцевтік құралдарды пайдаланды. Қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты мәйіттер «Медеу» құтқару бекетіне дейін жаяу жеткізілді. Қаза тапқандардың мәйіті полиция қызметкерлеріне тапсырылып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Марқұмдардың туыстарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі таулы жерлерге шығу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Маршрутқа шығар алдында ауа райы мен қар көшкіні жағдайын ескеру, тауға жалғыз шықпау, жақындарына маршрут пен қайту уақытын хабарлау, байланыс құралдары мен қажетті жабдықтарды өзімен бірге алып жүру қажет.

Егер адам белгіленген уақытта оралмаса немесе байланысқа шықпай қалса, 112 нөмірі арқылы құтқару қызметіне дереу хабарласу керек.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *