Қызылордалық ана жалғыз ұлының өліміне полицейлерді кінәлады
Фотосурет: видеодан скриншот
Қызылорда қаласында жантүршігерлік жол апатынан көз жұмған 23 жастағы Дінмұхамед Рақымжановтың анасы ұлының өліміне жол-патрульдік полициясының қызметкерлерін кінәлады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаға сілтеме жасап.
Анасының айтуынша, полицейлер қала ішіндегі тар көшеде ұлының көлігін қатты жылдамдықпен қуған, соның салдарынан жүргізуші жарық бағанына соғылып, оқиға орнында қаза тапқан.
Жол апаты болардан бірнеше секунд бұрын түсірілген дүкеннің бейнебақылау камерасындағы жазбада Дінмұхамед мінген көліктің артынан полицейлердің жоғары жылдамдықпен келе жатқаны анық көрінеді. Марқұмның жақындары ең сорақысы – апаттан кейін полиция қызметкерлерінің жедел көмек көрсетпей, оқиға орнынан кетіп қалғанын алға тартады.
Оқиға болған жерге келген тілші Абай Нұржанұлының айтуынша, соққының қатты болғаны сонша, жеңіл автокөлік екіге бөлініп кеткен. Ал жүргізуші алған жарақаттарынан сол жерде жан тапсырған.
Марқұмның анасы тергеу барысында бар кінә баласының мойнына артыла ма деп алаңдайды. Оның айтуынша, полицейлер әріптестерін қорғап, істің мән-жайын жан-жақты зерттеуге асықпай отыр.
Апат болғаннан кейін сол экипаж оқиға орнынан кетіп қалған. Егер қумағанда, мұндай жағдай болмас еді. Камераны көрейік, істі тексерейік деген еш әрекет жасалып жатқан жоқ, – дейді марқұмның анасы Майра Рақымжанова.
Осыған байланысты марқұмның туыстары прокуратураға жүгініп, істің әділ тергелуін талап етті. Ал Қызылорда облыстық прокуратурасы өкілінің айтуынша, қазір іс «көлік жүргізу немесе көлікті пайдалану қағидаларын бұзу» бабы бойынша тергеліп жатыр.
Қалалық полиция басқармасы тарапынан тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Барлық мән-жай анықталып, сараптама қорытындыларына сәйкес құқықтық баға беріледі», – деді облыстық прокуратура басқарма басшысының орынбасары Ержан Алтынбай.
Марқұм Дінмұхамед Рақымжанов отбасындағы жалғыз ұл болған. Жақында ғана оқу орнын тәмамдаған жас жігіттің өзі де құқық қорғау саласында қызмет етуді армандаған.
Пікірлер (0)